Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери музыканттары Дохада өткен І Халықаралық әскери музыка фестивалінде сәтті өнер көрсетті

Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери музыканттары Дохада өткен І Халықаралық әскери музыка фестивалінде сәтті өнер көрсетті

Астанада Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының музыканттары мен әртістері және Қорғаныс министрлігінің Құрмет қарауыл ротасының әскери қызметшілері Катарда өткен І Халықаралық әскери музыка және марштар фестивалінде өнер көрсетті.

19132 әскери бөлімінің әскери аэродромында оларды Қорғаныс министрлігінің өкілдері мен Ұлттық әскери-патриоттық орталығынан әріптестері қарсы алды. 

– Елге аман-есен оралуларыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Жемісті еңбектеріңіз үшін алғысымды айтамын. Сіздер халықаралық аренада еліміздің жоғары кәсіби деңгейін, ұлттық рухын, Қазақстанның және оның Қарулы күштерінің бай мәдени мұрасын көрсетіп, абыройын асқақтаттыңыздар, – деп атап өтті Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаменті бастығының орынбасары полковник Виталий Адамович. 

Естеріңізге сала кетсек, Қазақстаннан музыкалық фестивальде Орталық әскери оркестр, би тобы, Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық ансамблінің фольклорлық-этнографиялық оркестрі, сондай-ақ Қорғаныс министрлігінің Құрмет қарауыл ротасы өнер көрсетті. Фестивальді ұйымдастырушылар қазақстандық делегация мүшелерінің шеберліктерін мойындап, алғыс ретінде кәдесыйлар табыс етті.

Делегация басшысы, Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының бастығы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Асеновтың айтуынша, фестиваль өзге елдердің мәдениетімен танысу және халықаралық байланыстарды нығайту үшін маңызды алаңға айналды.

Қазақстандық ұжымның өнеріне фестиваль ұйымдастырушылары мен көрермен қауымы жылы лебізін білдірді. Швейцария делегациясының өкілі генерал Эрик Джуллиард әскери және ұлттық әуен нақыштарын, саптық сымбат пен хореографияны үйлестіре білген әртістердің кәсібилігін атап өтті.

Әскери қызметшілер репертуар мен ұлттық нақышқа ерекше назар аудара отырып, өнер көрсетуге алдын ала дайындалды. Бағдарламада Нұрғиса Тілендиевтің, Темірхан Қожабековтің «Легенда о табуне», Бақытжан Желдербаевтың «Шабыт шыңында» шығармалары, сондай-ақ Allah Ya Omri Qatar патриоттық әні орындалды.

– Осындай жоғары деңгейдегі фестивальге қатысу – үлкен абырой әрі зор жауапкершілік. Көрермендердің әсеріне қарап, ел атынан абыроймен өнер көрсеттік деп ойламйын, – деді Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық әскери оркестрінің бастығы подполковник Мақсат Шәкенов.

Фестивальге Ұлыбритания, Йордания, Ирландия, АҚШ, Оман, Түркия шығармашылық ұжымдары және Катардың элиталық әскери-музыкалық оркестрлері қатысты.