
Маңғыстау облысындағы «Оймаша» полигонында ҚР Қарулы күштері Әскери-теңіз күштері 29011 әскери бөлімінің жас матростары үшін жауынгерлік дайындықтың маңызды кезеңі өтті.
Жауынгерлерді даярлау базалық әскери пәндердің толық кешенін қамтиды. Бір айдың ішінде матростар тактикалық және атыс даярлығын меңгереді, саптық және дене дайындығы бойынша сабақтардан өтеді, сондай-ақ жалпыәскери жарғылардың талаптарын оқып-үйренеді. Штаттық қару-жарақтың тактикалық-техникалық сипаттамаларын зерделеуге, сондай-ақ қару мен оқ-дәрілерді қолдану кезіндегі қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға ерекше көңіл бөлінеді.
Алғашқы атыс жаттығулары жас матростар үшін әскери шеберлікті қалыптастыру мен қаруды меңгеру жолындағы маңызды қадам болды.
– Практикалық атыстар – теорияның нақты іс-әрекетке айналар сәті. Әрбір оқ ату жинақылықты, тәртіпті және жауапкершілікті талап етеді. Атыс кезінде бұл істе ұсақ-түйек болмайтынын, ал жақсы нәтиже үйлесімділік пен дәлдікке байланысты екенін сезіндік. Алғашқы тәжірибеміз бізге сенім беріп, дағдыларымызды одан әрі жетілдіруге ынталандырады, – деді Ақтөбе қаласынан шақырылған матрос Есмұхан Қарағұлов.
Жас матростардың бір айлық қарқынды даярлық курсы Әскери ант қабылдаумен аяқталады. Салтанатты рәсім 20 желтоқсанда өтеді. Бұл күні әскери қызметшілер ресми түрде Отан қорғаушылар қатарына қосылып, елдің қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындауға кіріседі.