
Алматыда Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындары республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне өздерінің білім беру және ғылыми-техникалық мүмкіндіктерін таныстырды.
Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында журналистерге заманауи әскери технологиялардың оқу үдерісіне қалай енгізілгені, сондай-ақ оқу орны қабырғасында жасалып жатқан әзірлемелер көрсетілді. Институттың оқу-материалдық базасы мен профессор-оқытушылар құрамының инженерлік және ғылыми шешімдері таныстырылды.
Олардың қатарында ел Қарулы Күштерінің қарулануына қабылданған және тәжірибелік қолдану барысында жоғары тиімділігін дәлелдеген «Меруерт» антидрондық мылтығы бар. Сонымен бірге тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар мен сынақ кезеңіндегі үлгілер, соның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараттарын радиоэлектрондық басу бойынша стационарлық кешен көрсетілді. Аталған жүйе дрондарды анықтап, сәйкестендіріп, басқару және навигация арналары арқылы залалсыздандыруға арналған. Қазіргі уақытта кешен жетілдіру сатысында.
Мемлекеттік қаржыландыру аясында институтта технопарк құрылған. Мұнда профессор-оқытушылар құрамы өздерінің ғылыми жобаларын іске асыруда. Перспективалы жобалардың бірі — тік ұшып-қонуға арналған көпмақсатты гибридті «Дегелек» ұшқышсыз ұшу аппараты. Ол барлау жүргізу, жүк жеткізу, оқу-жаттығу мақсатында пайдалану мүмкіндіктеріне ие. Жоба әрі қарай дамытылу кезеңінде.
Сондай-ақ журналистерге 2025 жылдың Қазақстандағы үздік инженері, радиотехника және электроника саласындағы жетекші инженер-конструктор, институт оқытушысы подполковник Нұржан Зікіряевтің әзірлемелері таныстырылды. Оның ғылыми еңбектері оптикалық-электрондық кешендерден бастап радиоэлектрондық күрес құралдары мен ұшқышсыз авиацияға дейінгі заманауи әскери техниканың негізгі бағыттарын қамтиды. Ең елеулі жетістіктерінің қатарында әскери техниканың көрінуін арттыратын оптикалық-электрондық модуль, мамандандырылған SDR-кешен, сондай-ақ Wing Loong-1 ҰҰА аспа тораптарын жаңғырту жұмыстары бар.
Институттың оқу үдерісіне радиотехникалық және зениттік-зымыран әскерлерінің қару-жарағы мен әскери техникасының виртуалды үлгілерінде тәжірибе жасауға мүмкіндік беретін инновациялық көпсалалы жаттықтыру кешені енгізілген. Сонымен қатар электронды тир мен ҰҰА операторларын даярлау алаңы жұмыс істейді.
Курсанттардың қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ұсынылған ғылыми әзірлемелері де ерекше қызығушылық тудырды.
Бағдарлама аясындағы екінші нысан — Бауыржан Момышұлы атындағы Әскери-спорт колледжі. Мұнда дене шынықтыру және спорт нұсқаушылары, сондай-ақ барлау және десанттық-шабуылдау бөлімшелерін басқару бойынша мамандар даярланады.
Ағымдағы жылы колледжде сержанттық құрамды даярлау бойынша алғашқы кадеттер қабылданды. Оқу орнына 9-сынып түлектері қабылданады. Оқу кезеңінде олар толық мемлекеттік қамтамасыз етіліп, шәкіртақы алады. Түлектерге Қарулы Күштерде және басқа да күштік құрылымдарда жұмысқа орналасу мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар олар әскери институттарда ҰБТ тапсырмай, қысқартылған бағдарлама бойынша білімін жалғастыра алады.
Колледжде оқу кабинеттері, спорт және жаттығу залдары, күштік даярлық аймағы, жүзу бассейні және казарма қоры көрсетілді.