Шымкентте әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасының жас жауынгерлері әскери ант берді

Шымкентте әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасының жас жауынгерлері әскери ант берді

Шымкент гарнизонының 10216 әскери бөлімінде 40-қа жуық жас сарбаз Отанға адал қызмет етуге ант берді.

Әскери ант беру рәсімі қатаң әскери дәстүрлерге сай, салтанатты жағдайда өтті. Іс-шараға бөлім командирлері, қызметтестері, ардагерлер, сарбаздардың ата-аналары мен жақындары қатысты.

Жас сарбаздар Отанға адал қызмет етуге және әскери борыштарын абыроймен атқаруға серт берді. Әскери анттың маңыздылығын өзінің құттықтау сөзінде 10216 әскери бөлімінің командирі подполковник Дәулетбек Қоғабаев та атап өтті.

– Әскери ант беру – әрбір әскеридің өміріндегі маңызды рәсім. Отан сіздерге елдің оңтүстігіндегі әуе шебін қорғауды сеніп тапсырды. Осы антқа адал болып, өз міндеттеріңізді абыроймен атқарып, Отан қорғаушы атағына лайық болуларыңызды тілеймін, – деді ол.

Айта кетерлік жайт, жас сарбаздар бір ай ішінде жас жауынгер курсын меңгеріп, жалпыәскери жарғыларды, қарудың тактикалық-техникалық сипаттамаларын үйреніп, саптық, атыс және күш-қуат дайындығынан өтті.

– Бүгін ұлым әскери ант берді. Мен оған өте қуаныштымын. Бізге казарма, асхана және оқу сыныптарын көрсетті. Балаларымызға жасалған жағдай жақсы әсер қалдырды. Ұлым қызметін лайықты атқарып, аман-есен ораларына сенемін, – деді әскери ант берген сарбаздың анасы Ұлбике Жанарова.

Ал жас сарбаз Иманғали Нұрғалиұлы әскери антқа дайындық барысында қатарластарымен және  достарымен жақсы қарым-қатынас орнатқанын, негізгі әскери дағдыларды меңгергенін және оқ атуды үйренгенін айтты.

– Әскери антқа дайындық бір айға созылды. Командирлер бізбен көп жұмыс істеді. Көңілде аздап қобалжу болды. Бұл тек бастамасы ғана, алда әскери мамандықты меңгеру мен жауапты қызмет күтіп тұр, – деп атап өтті жас сарбаз.

Салтанатты шара бөлім плацында жеке құрамның сап түзеп жүріп өтуімен аяқталды. Отан қорғаушылар қатарына қосылған жас сарбаздар еліміздің әуе шебін қорғауға дайын.