
Алматы қаласында қазақтың әйгілі опера әншісі, ұстаз, Социалистік Еңбек Ері Бибігүл Төлегенованың үйінің ауласында әскери оркестр әуен төкті.
Алматы қаласы Бостандық ауданы қорғаныс істері жөніндегі басқармасының және армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының әскери қызметшілері әйгілі әншіні Тәуелсіздік күнімен және 96 жасқа толған туған күнімен құттықтады. Олар өнер иесіне гүл шоқтары мен құттықтау хатын табыстап, көпжылдық шығармашылық еңбегі үшін алғыстарын білдірді.
Туған күні еліміздің Тәуелсіздік күнімен тұспа-тұс келген Бибігүл Ахметқызы үйінің терезесінен концертті жылы жүзбен тамашалады. Әскери оркестрдің әуенін тек әншінің өзі мен жақындары ғана емес, көпқабатты үйдің тұрғындары да ерекше ықыласпен қабылдады. Танымал өнер иесі әскери қызметшілерді әрдайым ерекше қуанышпен, ыстық ықыласпен қарсы алады.
Көңіл-күйі көтеріңкі болған Бибігүл Ахметқызы әскери қызметшілер мен барша қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтап.
— Әскери киімдегі жандарға деген құрметім ерекше. Қызметтеріңіз үшін және осындай әсерлі сыйлық үшін алғыс айтамын. Елімізге бейбітшілік, әрбір қазақстандыққа денсаулық, тыныштық пен ертеңгі күнге деген сенім тілеймін, — деді.