
Әскери бөлімдер мен бөлімшелерде механик-жүргізуші, көздеуші-оператор, пулеметші, граната атқыш және басқа да әскери есептік мамандықтар бойынша оқу топтары құрылды.
Мамандықты терең зерделеу үшін оқу-материалдық база нысандары дайындалып, әскери техника мен оқ-дәрілер бөлінді. Сабақты тәжірибелі командирлер мен сержант-нұсқаушылар жүргізуде.
Мамандық бойынша дайындық кезеңінің басталуына орай Райымбек батыр атындағы Алматы десанттық-шабуылдау бригадасына Қарулы күштердің Сержанттар құрамымен жұмыс жөніндегі басқарма бастығы шебер-сержант Темірбек Халықов келді. Ол оқу үдерісінің ұйымдастырылуын және әскери қызметшілердің қажетті дағдыларды меңгеру деңгейін тексеру барысында ЗУ-23-2 қондырғысының тактикалық-техникалық сипаттамаларын үздік меңгергені үшін әуе шабуылына қарсы қорғаныс батареясы зениттік-артиллериялық взводының есептобына қарасты қатардағы жауынгер Олжас Дүйсенбайға алғыс жариялады.
Шебер-сержант Темірбек Халықовтың айтуынша, оқытуды ұйымдастыру мақсатында бес мыңнан астам сержант-нұсқаушы дайындалған. Сабақтар негізінен тәжірибелік бағытта өтіп, жаттығу, топтық дайындық және практикалық тапсырмалар орындау әдістері кеңінен қолданылады.
– Дайындықтың соңғы кезеңінде әрбір әскери қызметші оқу бағдарламасын толық меңгеруге, атқарып жүрген лауазымына сәйкес қызметтік және арнайы міндеттерді білуге, сондай-ақ белгіленген стандарттар бойынша сынақтардан өтуге тиіс, – деп атап өтті ол.
Жауынгерлік дайындықтың келесі кезеңі – бөлімшелердің үйлесімділігін арттыру. Бұл кезеңде бөлімдер, экипаждар мен есептоптар құрамында бірлескен іс-қимылдарды орындау арқылы жауынгерлік тапсырмаларды пысықтау көзделген.