
Тәуелсіздік сарайында «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдердің әскери-патриоттық қозғалысының 2025 жылғы қызметінің қорытындылары шығарылып, алдағы кезеңге тапсырмалар қойылды.
Іс-шараға Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаева, Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев, қозғалыстың республикалық және өңірлік филиалдарының төрағалары, Қарулы күштер түрлерінің тәрбиеші офицерлері қатысты.
Әділет полковнигі Т. Басқожаев жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеуге қосқан зор үлесі үшін филиал жетекшілеріне алғыс білдірді.
– «Жас сарбаз» қозғалысы жастардың бойында тәртіптілік, жауапкершілік және мемлекетіміздің негізгі құндылықтарына құрмет сезімін қалыптастыратын маңызды алаңға айналды. Мұнда өскелең ұрпақ өздерін дамытуға, жинақы, батыл болуға, дұрыс шешім қабылдауға және қиындықтарды еңсеруге көмектесетін дағдыларды меңгереді. Бұл – білім беру ұйымдарының, әскери құрылымдардың және тәлімгерлердің жүйелі, әрі бірлескен жұмысының нәтижесі, – деді ол.
Жылдық есеп барысында «Жас сарбаз» қозғалысының жас буынды тәрбиелеудегі маңызы артып келе жатқанын көрсететін деректер жарияланды. Бүгінде оның филиалдары 17 облыста және республикалық маңызы бар үш қалада жұмыс істейді. Ел бойынша 8 600-ден астам әскери-патриоттық ұйым қызмет атқарады. Ондағы клубтарда, «Жас сарбаз» сыныптары мен Smart sarbaz үйірмелерінде 286 мыңнан аса бала мен жасөспірім тәрбиеленуде.
Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаева биыл 16 шілдеде қабылданған «Әскери-патриоттық тәрбие мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қозғалыстың жұмысына жаңа серпін бергенін атап өтті.
Әскери-патриоттық тәрбиені одан әрі жетілдіру мақсатында Қорғаныс министрінің төрағалығымен республикалық үйлестіру кеңесі құрылды. Оның құрамына орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары енген.
Жыл қорытындысы бойынша қозғалыстың ең үздік өкілдері – Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Дәурен Шоматов, Түркістан облыстық филиалының төрайымы Аружан Шекербек және Smart sarbaz бағытының кураторы Олжас Самархан Қорғаныс министрінің атынан сағаттармен марапатталды.