Әскер спортшысы Бейбарыс Қабылан таеквондодан әлем чемпионы атанды

Әскер спортшысы Бейбарыс Қабылан таеквондодан әлем чемпионы атанды

ҚР Қорғаныс министрлігі Армия орталық спорт клубының қызметшісі Бейбарыс Қабылан Кенияның астанасы Найробиде өткен таеквондодан жастар арасындағы әлем чемпионатында алтын олжалады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскер спортшысын тарихи жеңісімен құттықтады. Ел Президенті Бейбарыс Қабылан жекпе-жектің осы түрінен әлем біріншілігінің алтынын жеңіп алған алғашқы қазақ екенін атап өтіп, спортшыға жаңа биіктерді бағындыруды тіледі.

Жеңіс жолында 87 келіден астам салмақта Армия орталық спорт клубының спортшысы төрт мәрте жекпе-жек өткізді. Ол Үндістан мен түркиялық қарсыластарынан басым түсіп, жартылай финалда ирандық Амирмохаммад Ашрафиді 2-1 есебімен жеңді. Осылайша турнирдің шешуші кезеңіне шықты.

Финалда қазақ жауынгері Оңтүстік Кореядан келген спортшы Ян Чжуненді жеңді. Жарыстың барлық кезеңінен мүдірмей өткен Бейбарыс Қабылан өзінің мықты екенін дәлелдеді.