
Әскери-теңіз күштерінің бөлімшелері құрамалар мен әскери бөлімдерді жауынгерлік дайындықтың жоғары деңгейіне келтіру арқылы жаңа оқу кезеңін бастады.
Жеке құрам қысқа мерзім ішінде белгіленген аудандарға жетіп, оқу-жаттығу тапсырмаларын орындауға кірісті. Әртекті кемелер дивизионы Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы белгіленген аймаққа шықты. Экипаждар теңіздегі дайындық элементтерін пысықтап, өзара іс-қимыл арқылы кешенді жаттығулар өткізді. Сол арқылы әртүрлі жағдайларда берілген тапсырмаларды тиімді орындауға дайындықтарын көрсетті.
Сонымен қатар арнайы бөлімшелер теңіз портындағы су асты кеңістігін бақылап, туындауы мүмкін қауіптерді тексерді. Десанттық-шабуылдау батальонының әскери қызметшілері нысанның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, диверсиялық әрекеттердің жолын кесу әрекеттерін пысықтады.
– Жауынгерлік дайындықты жоғары деңгейге келтіру – оқу-жаттығудың ең маңызды элементтерінің бірі. Бұл шынайы ұрыс жағдайына жақын сценарийде жеке құрам мен техниканың дайындық деңгейін нақты бағалауға мүмкіндік береді. Әскери теңізшілер жоғары кәсібилігін, жылдамдығын және тапсырмаларды сенімді орындау мүмкіндігін көрсетті. Біз дағдыларымызды жетілдіре береміз, әрі осылайша кез келген қауіп-қатерге дайын боламыз, – деді 29011 әскери бөлімінің командирі 1 дәрежелі капитан Есенғали Байботаев.
Қарулы күштердің жауынгерлік дайындықты тексеру аясындағы ауқымды іс-шаралары 1 желтоқсанда басталды. Еліміз бойынша бөлімшелер дабыл арқылы көтеріліп, полигондар мен оқу орталықтарына марш жасады. Оқу-жаттығу іс-шаралары 5 желтоқсанда аяқталады.