Астанада сенаторлар Қарулы күштердегі әскери-патриоттық жұмыспен танысты

Астанада сенаторлар Қарулы күштердегі әскери-патриоттық жұмыспен танысты

Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің көшпелі отырысы өтті.

Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары вице-адмирал Серік Борамбаев депутаттарды заңнамадағы жаңа өзгерістерге сәйкес қорғаныс ведомствосында әскери-патриоттық тәрбие саласында жүзеге асырылып жатқан жобалар мен бастамалар туралы хабардар етті. Оның айтуынша, жастардың бойында патриоттық қасиеттерді қалыптастыру – мемлекеттің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуде стратегиялық маңызды міндет.

Қорғаныс министрлігінің мәдени-ағартушылық мекемесінде депутаттар қазақ батырларының және Ұлы Отан соғысы қаһармандарының бай мұрасын көрсететін Әскери-тарихи музейдің жәдігерлермен танысты.

Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың бастығы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Әсенов Парламент депутаттарына мекеменің қызметі, Орталық ансамбль мен Орталық әскери оркестрдің жұмысы, сондай-ақ «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдер қозғалысының дамуы туралы баяндап берді.

Профильдік комитеттің мүшелері күрделі жөндеуден кейін жаңартылған концерт залында болып, онда өтіп жатқан «Жас сарбаз» әскери-патриоттық әндер фестиваліне қатысушылардың өнерін тамашалады.

 – Біз музей кешенімен, шығармашылық ұжымдардың жұмысымен және «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдер қозғалысының қызметімен таныстық. Қаза тапқан жауынгерлердің есімін мәңгі есте қалдырумен айналысып келе жатқан «Мемориалдық аймақ» іздестіру тобының жетекшісі, энтузиаст Майдан Құсайыновты үлкен қызығушылықпен тыңдадық. Жалпы, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға бағытталған орталықтың кешенді жұмысын көрдік. Алдағы уақытта армияға шақыруға дейінгі жастармен, жаңадан шақырылған сарбаздармен, әскери қызметшілермен және олардың отбасыларымен жұмыс істеу бойынша заңнамалық өзгерістер қажет екендігін түсіндік, – деді Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Андрей Лукин.

Патриоттық тәрбие мәселелері бойынша кең ауқымды сұрақтар талқыланған отырыста тараптар жаңа тәсілдер іздеудің қажеттілігін атап өтті. Бұл жастарды ұлттық тарихпен терең таныстыруға және олардың азаматтық жетілуін нығайтуға көмектеседі.

Кездесуді қорытындылай келе, сенаторлар әскери-патриоттық және идеологиялық қамтамасыз ету жүйесін нығайтуға бағытталған бағдарламаларға заңнамалық қолдауды жалғастыруға дайын екенін жеткізді.