Қонаев қаласының инженерлік-саперлік бригадасында 200-ге тарта сарбаз, Өскемен қаласының 27943 әскери бөлімінде еліміздің он өңірінен шақырылған 400-ден астам жауынгер ант қабылдады.
Салтанатты әскери ант қабылдау рәсіміне бөлімдердің басшылығы, әскери қызметшілер, Қарулы күштердің ардагерлері, сарбаздардың туған-туыстары қатысты.
Жас жауынгерлер әскери борышын адал орындауға, елдің егемендігі мен тәуелсіздігін қорғауға, Конституция мен әскери жарғыларды сақтауға ант берді.
Қонаев қаласында сарбаздарды 58012 әскери бөлімінің командирі подполковник Қанат Тәңірбергенов, Өскеменде 27943 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары подполковник Нұрлан Кисенов құттықтады.
– Ант беру – Қазақстан халқына адал болу үшін берілген серт. Бұл сарбаздың Отанның абыройын, бостандығы мен тәуелсіздігін жанқиярлықпен қорғауға моральдық дайындығын білдіреді, – деп атап өтті подполковник Қ.Тәңірбергенов.
Ант қабылдау рәсімі кезінде мерзімді қызметтің әскери қызметшілері жас жауынгер курсын меңгеріп, жалпы әскери жарғыларды, қарудың тактикалық-техникалық сипаттамаларын үйренді, саптық, атыс және дене шынықтыру дайындығынан өтті.
– Бүгінгі күн өмір бойы есімде қалады. Ант берген сәтте кеудемді елім үшін мақтаныш пен Отан алдындағы жауапкершілік сезімі кернеді. Отбасым мен отандастарым мені мақтан етуі үшін осы жолдан абыроймен өтуге тырысамын, – деді қатардағы жауынгер Ақылбек Рахымболов.
Өскемендегі «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері ант қабылдау рәсіміне шақырылды. №49 орта мектептің төртінші сынып оқушылары үшін бұл күнгі шара патриотизм мен әскери борышты түсіну үшін маңызды сабақ болды.
Іс-шаралар барысында әскери қызметшілер мінбеге шығып сөз сөйледі. Сонымен қатар қоян-қолтық ұрыс элементтері, саптық тәсілдер, заманауи қару-жарақ пен техниканы көрсетілімі ұйымдастырылды.
Ресми бөлімнен кейін әскери бөлімдердің командирлері ата-аналармен әңгімелесіп, оларды қызықтырған барлық сұрақтарға жауап берді. Бұдан өзге қонақтар мерзімді қызмет сарбаздарына жасалған тұрмыстық жағдаймен танысты.