
Бірер күн бұрын Ұлы Отан соғысына қатысушы Григорий Владимирович Нещеретнев өзінің 104-ші туған күнін атап өтті.
Ардагерді төл мерекесімен құттықтауға бірінші болып қалалық гарнизон өкілдері келді. Тараз қаласы қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы подполковник Ербол Өтебаев Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың құттықтау хатын оқып берді. Құттықтау хатта Григорий Владимирович сынды сарбаздың ерлігі аға буынды қадірлейтін ұрпақтың жадында мәңгі қалатыны атап өтілді.
Одан басқа мерейтойға батальон командирі майор Бақытхан Жампозов бастаған радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау батальонының әскери қызметшілері де келді.
Әскери қызметшілермен ерекше ықыласпен сөйлесіп, асқақ рух пен нұрлы ақыл – ұзақ өмір сүруде ең жақсы серігің болатынын көрсеткен Григорий Владимирович елеп-ескеріп келгендерге ризашылығын білдірді.