
Шахмардан Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінде Халық қаһарманы армия генералы Мұхтар Алтынбаевтың 80 жылдық мерейтойына арналған Ерлік сабағы ұйымдастырылды.
Сабақтың негізгі тақырыбы Мұхтар Алтынбаевтың өмір жолы мен ел Қарулы күштерінің дамуына қосқан үлесіне арналды. Іс-шараға қатысушыларға батырдың қызметтік және қоғамдық жұмысындағы маңызды кезеңдер туралы бейнематериалдар ұсынылды.
– Ерлік сабағы жастарға армияның күші – жауапкершілігі жоғары, әскери борышына адал жандарда екенін еске салудың бір тәсілі. Ал Мұхтар Қапашұлының өмір жолы елге деген шексіз сүйіспеншілік пен халыққа риясыз қызмет етудің жарқын үлгісі, – деді 29011 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары подполковник Асылхан Маралбаев.
Қарулы күштер ардагерлерінің қатысуы іс-шараның маңызын арттыра түсіп, ұрпақтар сабақтастығының жас сарбаздарды тәрбиелеудегі маңызын айқындады.
Мұхтар Алтынбаевтың қызмет жолына қатысты баяндамаға қосымша ардагерлер өз тәжірибелерін ортаға салып, студенттерге әскери абырой мен азаматтық жауапкершіліктің құндылығын еске салды.
Сабақ барысында әскери кафедра студенттері армия генералының өмірі мен қызметіне зор қызығушылық танытты. Іс-шара түрлі буындарды ортақ әскери борышқа деген құрмет пен тарихтың маңызды беттеріне деген ықыласпен байланыстырды.