
Жарысқа Қарулы күштердің түрлерінен, Тыл, Қару-жарақ басқармаларынан ҚР Ұлттық қорғаныс университетінен, Әскери полиция бас басқармасынан және ардагерлер ұйымынан 80 спортшыдан тұратын 8 команда қатысты.
Жеңімпаздарды, жүлдегерлер мен номинация иегерлерін марапаттау рәсіміне Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары вице-адмирал Серік Борамбаев, Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы – Орталық армия спорт клубының бастығы полковник Арман Әбеуов, сондай-ақ «Қарулы күштердің ардагерлері» РҚБ төрағасының орынбасары отставкадағы генерал-майор Марат Нағұманов қатысты.
– Бүгін біз әскери қызметшілер мен ардагерлерді бір алаңда тоғыстырған турнир өткіздік. Оны Халық қаһарманы армия генералы Мұхтар Алтынбаевтың мерейтойына арнадық. Бұл шара өз өмірін елге және халыққа қызмет етуге арнаған тұлғаға көрсетілген құрмет. Ол бүгін де сапта. Қарулы күштер ардагерлері ұйымын басқара отырып, жас ұрпақты әскери-патриоттық рухта тәрбиелеуге және әскери қызметшілердің моральдық рухын нығайтуға өлшеусіз үлес қосып келеді, – деді Қорғаныс министрінің орынбасары С. Борамбаев.
Тартысты ойын нәтижесінде финалда жеңісті «Қарулы күштер ардагерлері» РҚБ командасы жеңіп алды. Екінші орынға Ұлттық қорғаныс университетінің командасы қол жеткізсе, үшінші орын Тыл бастығының басқармасына бұйырды.
Номинациялар бойынша үздік спортшылар да анықталды. Өмірзақ Сағымбаев үздік ойыншы атанса, Госман Амрин үздік шабуылшы деп танылды. Екеуі де ардагерлер ұйымының өкілдері. Қорғаныс қапталында Қару-жарақ бастығы басқармасының ойыншысы Алексей Бакаушинге тең келер ешкім болмады.
Турнир барысында ойыншылар жоғары спорттық шеберлік танытып, жанкүйерлердің ыстық қолдауымен өз командаларын жеңіс тұғырына көтеруге бар күш-жігерін салды.