Теңіз жаяу әскерлері бригадасына жүзден астам сарбаздың ата-анасы барды

Теңіз жаяу әскерлері бригадасына жүзден астам сарбаздың ата-анасы барды

Ақтау гарнизонында «Әскер аналар көзімен» акциясы аясында теңіз жаяу әскерлерінің туыстарымен Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, вице-адмирал Серік Борамбаев кездесті.

Іс-шараға «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Бауыржан Артықов, Ақтау гарнизонының әскери прокуроры әділет майоры Саян Акиров, 25744 әскери бөлімінің қолбасшылығы, әскери полиция мен әскери-тергеу басқармасының өкілдері қатысты. Қонақтарға сарбаздардың қызмет жағдайлары, тұрмысы мен оқу процесінің ұйымдастырылуы туралы жан-жақты ақпарат берілді. Олар казармаларды, оқу корпустарын, жаттығу сыныптарын және ақпараттық-тәрбие жұмысы жүргізілетін бөлмелерді аралады.

Бұдан бөлек, бөлімше басшылығы жиналыс өткізді. Үздік танылған сарбаздардың ата-аналарына Отан қорғаушыларды тәрбиелегені үшін алғыс ретінде грамота мен гүлдер табысталды. Сарбаз асханасында ата-аналар мен жауынгерлерге ортақ түскі ас ұйымдастырылды. Бұл ата-аналарға балаларының тамақтану жағдайын көріп қана қоймай, олармен тілдесіп, жаңалықтарды бөлісуге мүмкіндік берді.

Батыс Қазақстан облысынан әскер қатарына шақырылған сарбаздың анасы өз әсерін былай жеткізді: – Барлығын өз көзімізбен көруге мүмкіндік жасаған ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Өзімізді қызықтырған барлық сұрақтарға жауап алдық. Сондай-ақ, ұлымның жетістіктері үшін бригада командирінен грамота алу мен үшін қуанышты жәйт. Барлық жаңадан шақырылған сарбаздарға қызметте табыс, ал аналарға сабыр тілеймін, – деді Үміт Бахитова.

Іс-шараны ұйымдастыруға Маңғыстау облысы бойынша «Аналар жүрегі» сарбаз аналары комитетінің өкілі Гүлмира Жанысбаева ерекше қолдау көрсетті. Ол көптеген жылдар бойы әскер мен қоғам арасындағы байланысты нығайтуға белсенді атсалысып, әскери қызметшілердің отбасыларына көмек көрсетіп, Қазақстан әйелдерін патриотизм мен азаматтық жауапкершілікке баулуға үлес қосып келеді.

Акция басшылықтың әскер мен әскери қызметшілердің отбасылары арасындағы ашық диалогтың маңызын, сондай-ақ сарбаздардың бейімделуі мен қызмет етуіне барынша қолайлы жағдай жасауға ұмтылысын айқын көрсетті.