
Маңғыстау облысындағы «Оймаша» полигонында «Батыс» өңірлік қолбасшылығы теңіз жаяу әскерлері бригадасының 600-ден астам жас сарбазы алғаш рет жауынгерлік дайындық бойынша тәжірибелік сабақтарға қатысты.
Бұл іс-шаралар жауынгерлер үшін кәсіби дағдыларын қалыптастырудағы маңызды кезең болды. Әскери қызметшілер кедергілер жолағынан өтіп, АК-74 автоматыннан оқу-жаттығу атыстарын орындады, сондай-ақ ең жауапты сынақтардың бірі – танк астынан өту сынағы болды.
Жиын бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары гвардия майоры Ратбек Қуатбеков бұл жаттығудың теңіз жаяу әскерінен барынша төзімділік пен сабырлықты талап ететінін атап өтті.
– Қазіргі заманның жауынгері тек дене күші жағынан емес, рухани тұрғыдан да дайын болуы тиіс. Танк астынан өту – ішкі қысымды жеңіп, өз-өзіне деген сенімділікті нығайтуға көмектесетін маңызды кезең. Бүгінгі нәтижелер жас сарбаздардың тапсырманы лайықты деңгейде орындай алатынын көрсетті, – деді тәрбиеші офицер.
Көптеген жауынгерлер үшін бұл сабақтар нағыз сынақ қана емес, қызметтегі өз рөлін терең сезінудегі маңызды қадам болды.
– Бүгін алғаш рет ұрыс қаруынан оқ аттым. Бұл – ерекше жауапкершілік пен мақтаныш сезімі. Ең қиын сынақ танк астынан өту болды. Бұл сәт есімде мәңгі сақталады, – деді Батыс Қазақстан облысынан шақырылған қатардағы жауынгер Әділ Алхамов.
Алдағы демалыс күндері жас сарбаздар Әскери ант беріп, теңіз жаяу әскерлері бригадасының шабуылдаушы батальондарының қатарына ресми түрде қосылып, Отан қорғау жолындағы қызметін бастайды.