Алматы, Қонаев және Талдықорған қалаларында орналасқан Десанттық-шабуылдау әскерлерінің құрамалары мен әскери бөлімдерінде әскери ант қабылдаудың салтанатты рәсімдері өтті.
Қарулы күштердің элиталық бөлімшелерінің қатарын күзгі әскерге шақыру науқанында толықтырған 1500-ден аса азамат әскери борышын абыроймен өткеруге, өз халқына және әскери бауырластыққа адал болуға ант берді. Салтанатты шараны көруге әскери бөлімдерге құрметті қонақтар, әскерлер басшылығы, Қарулы күштердің ардагерлері, сарбаздардың туған-туыстары келді.
– Әскери ант беру – бұл жай ғана салтанатты рәсім емес, Отан қорғаушының саналы қадамы. Осы сәттен бастап Сендердің әрбірің Қазақстанның қауіпсіздігі мен тәуелсіздігі үшін жауапкершілік аласыңдар. Өз міндеттеріңді абыроймен өткеріп, десантшылардың даңқты дәстүрлерін жалғастыратындарыңа сенімдімін, – деді полковник Ерлан Әлиқұлов.
Бір ай бойы жас десантшылар жалпы әскери жарғыларды, қару-жарақ пен әскери техниканың тактикалық-техникалық сипаттамаларын үйренді, саптық әдістер мен қару-жарақты қолдану дағдыларын жетілдірді. Жауынгерлердің төзімділігін арттыруға бағытталған дене шынықтыруға да ерекше назар аударылды. Көктемде әскерге шақырылған 11 десантшыны 10 күндік демалыспен көтермелеу ант берушілерді ынталандырды. Мұндай шешімді Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Алмаз Жұмакеев қабылдады.
Еңбекқорлығы, тәртібі және қызметке деген адалдығы үшін көтермелеу лайықты марапат түрі. Салтанатты рәсімнен кейін жас жауынгерлердің қоян-қолтық ұрыс элементтерінің, қару-жарақпен және қарусыз саптық әдістерінің көрсетілімдері өтті. Командирлер ата-аналармен кездесулер өткізіп, оларға қызмет өткеру тәртібі, тұрмыстық жағдайлар, күн тәртібі және әскерге шақырылушыларды бөлімшелерге бөлу жайлы егжей-тегжейлі айтып берді.
Салтанатты рәсімнен және туыстарымен сөйлескеннен кейін жас сарбаздар алғашқы демалыстарын алды. Алда жас жауынгерлер әскери-есептік мамандықтарды игеріп, әуе-десанттық, дене шынықтыру және жауынгерлік даярлықтан өтеді.