Қорғаныс министрлігі мен психотерапевттер ассоциациясы әскери қызметшілердің психологиялық денсаулығын нығайту жолында күш біріктірмек

Қорғаныс министрлігі мен психотерапевттер ассоциациясы әскери қызметшілердің психологиялық денсаулығын нығайту жолында күш біріктірмек

Қорғаныс министрлігінде «Халықаралық әлеуметтік психотерапевтер, консультанттар және психотехнологтар ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Бірлескен жұмыс әскери ұжымдардағы суицид пен лудоманияның алдын алу жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ әскери психологтардың біліктілігін арттыруға бағытталмақ.

Іс-шараға Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары вице-адмирал Серік Борамбаев, Халықаралық әлеуметтік психотерапевтер, консультанттар және психотехнологтар ассоциациясының президенті Владимир Савкин, Парламент Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Константин Авершин, Қорғаныс министрлігі профильді департаментінің бастығы әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев және ведомствоның басқа да өкілдері қатысты.

Кездесу барысында вице-адмирал Серік Борамбаев әскери қызметшілердің психологиялық жағдайына қамқорлық көрсету армияның басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті.

– Әскери қызметшілердің психологиялық әл-ауқаты олардың жауынгерлік әзірлігіне, моральдық тұрақтылығына және жалпы қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Суицидтік көріністер мен лудоманияның алдын алу жүйелі және тұрақты түрде жүргізілуі керек, – деді ол.

Константин Авершин де алдын алу жұмыстарының жүйелі түрде жүргізіліп, нақты нәтижелерге бағытталуы керек екенін айтты.

Психотерапия мен суицидология саласындағы тәжірибесін бөліскен ассоциация президенті Владимир Савкин мамандар күш біріктіріп жұмыс істеген жағдайда әскери қызметшілерге психологиялық көмек көрсету және алдын алу шараларының тиімді әдістері әзірленетініне сенім білдірді.

Ынтымақтастық туралы меморандум Қарулы күштерде психологиялық қолдау жүйесін қалыптастыру мен моральдық-психологиялық ахуалды нығайту жолында маңызды қадам болмақ.