Алматы облысында РХБ-қорғаныс мамандарының оқу-жаттығуы өтті

Алматы облысында РХБ-қорғаныс мамандарының оқу-жаттығуы өтті

Алматы облысындағы «Жартасты қала – Астана» оқу-жаттығу полигонында Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық ұланның, Төтенше жағдайлар министрлігінің және облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлімшелері бірлескен оқу-жаттығуларын өткізді.

 Кешенді жаттығулар барысында Десанттық-шабуылдау әскерлеріне қарасты 26363 әскери бөлімінің жауынгерлері радиациялық, химиялық және биологиялық барлау жұмыстарын жүргізуді, сондай-ақ ластанған аумақтың салдарын жою іс-шараларын практикалық тұрғыда пысықтады. 

– Басты назарды әртүрлі ведомстволардың бөлімшелерінің өзара іс-қмылына аудардық. Мұндай оқу-жаттығулар химиялық барлаудан бастап, ластанған аумақты толық қалпына келтіруге дейінгі барлық циклді жетілдіруге мүмкіндік береді. Бұл – төтенше жағдай туындай қалғанда халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өте маңызды, – деді 26363 әскери бөлімінің командирі подполковник Жеңісбек Байтілеуов.

Жаттығу барысында әскери қызметшілер шартты түрде ластанған аумақты қоршап, ескерту белгілерін орнатып, айналадағы аумақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Зиянды ауаның бұлттары таралуын бағалау үшін ауа райы мен жел бағыты анықталды. Ауадан, су мен топырақтан сынама алып, оларды зертханаға жіберді. Ол сынамаларға талдау жүргізіліп, радиациялық-химиялық бақылау актілері рәсімделді. Жаттығудың соңғы кезеңінде жеке құрамды, техника және жабдықтарды газдан тазалау жұмыстары жүргізілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, оқу-жаттығудың мақсаты практикалық дағдыларды шыңдау, радиациялық, химиялық және биологиялық ластанудан болуы ықтимал төтенше жағдайларға дайындық деңгейін арттыру болды.