
Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы полковник Мұрат Олжабаевтың қатысуымен 2025 жылғы оқуға қабылдау науқанының қорытындылары мен әскери білім беру жүйесінің дамуына арналған брифинг өтті.
Спикердің айтуынша, әскери білім ұлттық қауіпсіздіктің негізгі элементі болып табылады. Қорғаныс министрлігі құрылымында тоғыз әскери оқу орны жұмыс істейді. Оның ішінде үш әскери институт, Ұлттық қорғаныс университеті және бес әскери колледж бар. Дайындық 20 мамандық және 43 біліктілік бойынша жүргізіледі. Оқу үдерісі әскердің жауынгерлік даярлығымен ұштасқан. Курсанттар «Айбалта», «Жауынгерлік достастық», «Қаратау» және «Өзара іс-қимыл» оқу-жаттығуларына қатысады.
– Армияның қажеттіліктерін ескере отырып, ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару, радиоэлектрондық барлау және күрес, ақпаратты қорғау, криптология, логистика және әскери құрылыс секілді жаңа бағыттар ашылды. Азаматтық жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық кеңейіп келеді. Соның арқасында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Логистика және көлік академиясы, Қазақ спорт және туризм академиясы және басқа серіктестермен қос дипломды бағдарламалар жүзеге асырылуда, — деп атап өтті полковник Мұрат Олжабаев.
2020-2025 жылдар аралығында Астана, Шымкент, Алматы және Қарағанды қалаларындағы төрт республикалық «Жас ұлан» мектебі әскери колледждерге айналды. Сержанттарды даярлау бес мамандық және 11 біліктілік бойынша жүргізіледі. Олардың ішінде «Әскери істегі дене мәдениеті және спорт», «Барлау және десанттық-шабуылдаушы бөлімшелерді басқару" секілді жаңа бағыттар бар.
2025 жылы әскери институттар мен колледждерге 3 899 талапкер құжат тапсырды. Нәтижесінде 1 761 талапкер оқуға қабылданды. Оның ішінде 837 адам институттардың, 924 адам колледждердің курсанты атанды. Қабылдау науқаны алғаш рет мемлекеттік қызметтер порталы арқылы цифрлық форматта өткізілді. Бұл ашықтықты қамтамасыз етіп, делдалдықты жойды. Іріктеу кезеңіне медициналық тексеріс, дене дайындығы нормативтері және психологиялық тестілеу енгізілді.
Қорғаныс министрлігі халықаралық ынтымақтастықты да белсенді дамытуда. Қазақстандық әскери оқу орындарында Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстанның әскери қызметшілері білім алуда. Ал 400-ден астам қазақстандық курсант шетелдік әскери жоғары оқу орындарында оқып жүр.
Мерзімді әскери қызметшілерді әлеуметтік қолдауға да ерекше көңіл бөлінуде. 2023 жылдан бастап мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтарға білім гранттарын беру жобасы іске асырылуда. Екі жыл ішінде 8 100 грант, оның ішінде 2025 жылы 2 710 грант бөлінді. Таңдау «Sarbaz 2.0» 118 мың әскери қызметшіні қамтитын ақпараттық жүйесі арқылы жүргізілді. Жүйе гранттарды рейтинг нәтижесі бойынша автоматты түрде бөледі. Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмайды.
Полковник Мұрат Олжабаевтың айтуынша, әскери жоғары оқу орындарының түлектері тек сұранысқа ие мамандық қана емес, сонымен қатар кепілді жұмысқа орналасу, әлеуметтік қолдау және тұрғын үй алу мүмкіндігіне ие. Қорғаныс министрлігі кадр даярлау жүйесін жетілдіруді, оқыту сапасын арттыруды және әскери мамандықтың беделін көтеруді жалғастыра береді.