Алматыда Қарулы күштердің әскери қызметшілері соғыс ардагерін құттықтады

Алматыда Қарулы күштердің әскери қызметшілері соғыс ардагерін құттықтады

25 қазан – Республика күні Ұлы Отан соғысының ардагері Қамбар Сәрсенов 101 жасқа толды.

Қарияны қос мерекемен  Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшылығы, Медеу аудандық қорғаныс істері жөніндегі басқармасының әскери қызметшілері және «Қарулы күштердің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары отставкадағы полковник Төлеген Мұстафин құттықтап барды.

Қамбар Сәрсеновке Қорғаныс министрінің атынан Отан алдындағы еңбегі үшін алғыс білдірген құттықтау хаты табысталды.

Ардагер келген қонақтарға ықылас танытып, барша қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтады. Майдан даласында ауыр сынақтарды бастан өткерген қарт жауынгер елге амандық, отбасыларға бақ-береке, Қазақстанға гүлдену мен ашық аспан тіледі.

Қамбар Сәрсенов 1924 жылғы 25 қазанда Қостанай облысында дүниеге келген. 1942 жылы әскер қатарына шақырылып, оқу-жаттығудан кейін майданға аттанған. Ол Беларусь, Латвия және Литва жерлерінде шайқасып, Кенигсбергті алу операциясына қатысқан, үш рет жараланған.

Қамбар Сәрсенов I, II дәрежелі Отан соғысы, II, III дәрежелі Даңқ және «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, сондай-ақ көптеген медальдармен марапатталған. Ардагер  Витебск Қызыл Ту орденді, Суворов орденді 51-атқыштар дивизиясының 30-жеке барлау ротасында қызмет етіп, «қарсыласты» ұстап алғаны үшін екі орденмен наградталған.

Соғыстан кейін Қамбар Сәрсенов ішкі істер органдарында қызмет атқарып, кейін Алматының энергетика саласында ұзақ жыл еңбек еткен.