
Құрметті сарбаздар мен матростар, сержанттар мен старшиналар, офицерлер мен генералдар! Қымбатты отандастар!
Сіздерді ұлттық мерекеміз – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!
25 қазан – еліміздің жаңа тарихындағы айрықша күн. Қазақстан мемлекеттік егемендігін жариялау арқылы тәуелсіз даму жолына түсіп, заманауи мемлекеттіліктің берік іргетасын қалады.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың саяси бағытына сәйкес, еліміз мемлекеттік институттарды нығайтуға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, адам капиталы мен халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты жаңғыру стратегиясын табандылықпен жүзеге асырып келеді.
Мемлекет басшысы тәуелсіздіктің – ең жоғары құндылық екенін және оны қорғау – бүкіл қоғам мен әрбір азаматтың ортақ борышы екенін атап өтті. Қазақстан салмақты сыртқы саясат жүргізіп, көршілес елдермен достық қатынасты нығайтып, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту арқылы өңірдегі тұрақтылықты қамтамасыз етіп отыр. Ұлтаралық және конфессияаралық келісім, әлеуметтік жауапкершілік пен реформаларға ашықтық – қазақстандық мемлекеттіліктің дамуының басты негізі.
Егемендік пен аумақтық тұтастықты қамтамасыз етуде ел қауіпсіздігі мен мемлекеттік тұрақтылықтың кепілі ретінде Қарулы күштерге ерекше рөл жүктелген. Қорғаныс әлеуетін арттыру мақсатында жауынгерлік дайындық жүйесін жетілдіру, әскерлерді басқарудың тиімділігін көтеру, заманауи стандарттар мен технологияларды енгізу бойынша жүйелі шаралар жүзеге асырылуда. Қазақстан армиясының бөлімшелері халықаралық оқу-жаттығуларға, миссияларға және жарыстарға қатысу арқылы жеке құрамның жоғары жауынгерлік әзірлігі мен тәртібін, жауапкершілігін дәлелдеп келеді.
Республика күні – бұл тек ұлттық мереке ғана емес, сонымен қатар тәуелсіздікті нығайту, тұрақтылықты сақтау және Президент айқындаған бағыт бойынша елімізді алға ілгерілету жолындағы ортақ парызымызды еске салатын күн.
Осы маңызы зор күні барша әскери қызметшілерге, Қарулы күштердің ардагерлеріне және еліміздің барлық азаматтарына мықты денсаулық, қызмет пен еңбекте табыс, елімізге бейбіт өмір мен тұрақтылық тілеймін!
Құрметпен,
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі
авиация генерал-лейтенанты Д. Қосанов