Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына орай Ұлттық қорғаныс университетінде халықаралық конференция өтті

Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына орай Ұлттық қорғаныс университетінде халықаралық конференция өтті

Қазақстан Республикасының Ұлттық қорғаныс университетінде Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына арналған «Әлия – аңызға айналған есім» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Іс-шараға Әскери ғылыми-зерттеу орталығының ғалымдары, Ұлттық қорғаныс университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы мен докторанттары, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова атындағы Ақтөбе облыстық мемориалдық мұражайының өкілдері, «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі, «Әскери-патриоттық және іздестіру қозғалысы қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі, сондай-ақ Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстаннан келген әскери тарих зерттеушілері қатысты.
Конференцияға қатысушылар қазақ халқының ержүрек қызы, Отан үшін жанын қиған батыр Әлия Молдағұлованың рухына тағзым етті. Жиында әскери-патриоттық тәрбиенің өзекті мәселелері мен қазақстандық жауынгерлердің өткен ғасырдың ең қанды шайқасына қатысуы кеңінен талқыланды.
Ғалымдардың баяндамаларында қазақстандықтардың Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысу тақырыбы әлі де толық зерттелмегені, бұл бағытта зерттеу жүргізудің кең мүмкіндіктері бар екені атап өтілді. Сол дәуірдің оқиғаларына қайта үңілу, соғыстың тәжірибесі мен сабақтарын терең ұғыну – әскери өнер тарихының болашақтағы даму бағыттарын болжауға жол ашады деген ой айтылды.
Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы генерал-майор Асқар Мұстабеков өз сөзінде халқымыздың қаһармандық тарихына айрықша назар аудару мен батырлардың ерліктерін жеке тұлға деңгейінде зерттеу – әскери-тарихи ғылымды жаңа сатыға көтеріп, қазіргі заман батырлығының рухани бастауларын табуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
– Әлия Молдағұлованың ерлігі мен жауынгерлік жолын жас ұрпақтың, болашақ офицерлер мен командирлердің оқу бағдарламасына енгізу – олардың бойында патриотизм мен әскери борыш сезімін қалыптастырудың маңызды тетігі, – деді генерал-майор Асқар Мұстабеков.
Конференцияны ұйымдастырушылардың атына 70-тен астам ғылыми баяндама мен хабарлама келіп түсті. Бұл еңбектер әскери өнер тарихын зерттеуге серпін беріп, соғыс қаһармандарының есімдерін дәріптеу мен жас ұрпақтың отансүйгіштік тәрбиесін жетілдіру ісінде маңызды рөл атқарады.
Іс-шара қорытындысында Ұлттық қорғаныс университеті мен Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың Ақтөбе облыстық мемориалдық мұражайы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.