Астанадағы мектепте Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевты еске алу іс-шарасы өтті

Астанадағы мектепте Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевты еске алу іс-шарасы өтті

Елордадағы Рақымжан Қошқарбаев атындағы № 44 мектеп-лицейінде Рейхстагқа Жеңіс туын алғаш тіккен қазақ батырының рухына арналған еске алу іс-шарасы өтті.

Оған Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев, Қарулы күштердің ардагерлері, батырдың туыстары атынан жиені Маржан Нұрмағамбетова, келіні Қалам Темірова, мектеп ұстаздары мен оқушылары қатысты.

 – Рақымжан Қошқарбаев есімін иеленген мектепте оқу – зор мәртебе ғана емес, үлкен моральдық жауапкершілік. Оның өмір жолы мен ерлігі әрқашан жадымызда сақталады. Тарих ұрпақ арқылы жалғасады, ал сендер – сол жарқын жалғасысыңдар, – деді әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев.

 Құрмет қарауылының қатысуымен мектеп ғимаратына орнатылған Рақымжан Қошқарбаевтың мемориалдық тақтасына гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Қатысушылар батырдың рухына бір минут үнсіздікпен тағзым етті.

– Бұл шара – мектебіміз үшін ел тарихына үңіліп, аға буынның ерлігін еске алуға, ардагерлермен жүздесуге берілген бірегей мүмкіндік. Батырдың туған күніне орай ұйымдастырылатын іс-шараны біз екінші жыл қатарынан өткізіп келеміз, – деді № 44 мектептің әлеуметтік педагогы Салтанат Серікбаева.
 
Іс-шара соңында Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының шығармашылық ұжымы дайындаған мерекелік концерт өтті. Сонымен қатар, «Қара майор» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері қарумен және қарусыз қоян-қолтық ұрыс элементтерін көрсетіп, өз өнерлерін паш етті.