Депутаттар әскери қызмет саласындағы заңнамалық нормалардың іс жүзіндегі орындалу барысымен танысты

Депутаттар әскери қызмет саласындағы заңнамалық нормалардың іс жүзіндегі орындалу барысымен танысты

Осы мақсатпен Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Андрей Лукин бастаған Сенат делегациясы Астана қаласындағы 68665 әскери бөлімі мен Қарулы күштердің Әскери полиция бас басқармасына барды.

Арнайы мақсаттағы бригадада сенаторлар әскери қызмет өткеру үшін жасалған жағдайлармен, сарбаздардың тұрмысымен және бос уақытты ұйымдастыру тәртібімен танысты. Аталған әскери бөлімді жуырда ғана

200-ден астам жас сарбаз толықтырды. Бүгінде оларды жаңа ортаға бейімдеу бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде.

Депутаттарға бөлімдегі психологиялық-профилактикалық жұмыстар, сарбаздарды медициналық тексеру тәжірибесі, казармадағы бейнебақылау жүйесі туралы мәлімет берілді. Сондай-ақ, сарбаздардың «Отбасымен бейнеқоңырау» видеоқызметі арқылы жақындарымен байланыс орнату сәті көрсетілді.

Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Сергей Ершов жас сарбаздармен жүргізіліп жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.

– Біз жас сарбаздар казармаға келген алғашқы күннен бастап олармен жүргізілетін тәрбие жұмысын көрдік. Тамақтану тәртібінен бастап, тұрмыс жағдайына дейін барлығы қатаң бақылауда екен. Армиядағы ең маңызды нәрсе – әскери тәртіп. Тәртіп бар жерде – талап орындалады, – деді С. Ершов.

Әскери полиция бас басқармасында сенаторлар оқу-материалдық базаға, қару-жарақ пен әскери техника үлгілеріне, киім үлгілері мен жабдықтарға шолу жасады. Сондай-ақ, кинологиялық қызмет мамандарының қызметтік иттермен бірге тыйым салынған заттарды іздеу жұмысы көрсетілді.

Депутаттар жылжымалы нысандарды бақылау жүйесінің жұмысымен, гауптвахтадағы тәртіптің ұйымдастырылуымен, әскери қызметшілерді психофизиологиялық зерттеу тәртібімен де танысты.

Сенат комитетінің төрағасы Андрей Лукин мұндай кездесулер Қарулы күштерді дамытуға, әскери құқықбұзушылықтардың алдын алуға және жас сарбаздарды іріктеу сапасын арттыруға бағытталған заңдардың нақты жүзеге асуын бақылауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

– Расында да, армияда әскери қызметтің беделін көтеруге бағытталған үлкен әрі жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Негізгі назар – ашықтық пен жариялылыққа аударылған. Бұл – қоғамның армияға деген сенімін арттырып, тәртіптің нығаюына септігін тигізеді, – деді А. Лукин.

Сенаторлардың бұл сапары Қарулы күштер мен заң шығарушы билік өкілдері арасындағы ашықтық пен өзара байланысты нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі болды.