Қорғаныс министрінің орынбасары оңтүстік гарнизондардың қысқы маусымға дайындығын тексерді

Қорғаныс министрінің орынбасары оңтүстік гарнизондардың қысқы маусымға дайындығын тексерді

Елдің оңтүстік аймақтарында Қорғаныс министрінің тыл және әскери инфрақұрылым жөніндегі орынбасары генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров бастаған жұмыс тобы әскери бөлімдердің жылыту маусымына дайындығын, әскери нысандардың жағдайын, сонымен бірге мерзімді қызметтегі сарбаздардың тұрмысы мен әлеуметтік қамтамасыз етілуін тексерді.

Жұмыс тобы Алматы, Сарыөзек, Жаркент, Талдықорған, Үштөбе, Тараз және Шымкент гарнизондарындағы әскери бөлімдер мен мекемелерде болды. Әскери бөлімдердің командирлері мен олардың тыл жөніндегі орынбасарларының есептерін тыңдаған соң генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров шешім қабылдауды қажет ететін бірқатар мәселелерге назар аударды.

Сапар барысында тылдық және тұрғын үйді пайдалануды қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Мамандар қоймалардағы материалдық құралдардың сақталу жағдайын және нысандардың өрт қауіпсіздігін тексерді. Бұдан басқа, бөлім басшыларына қаржыны басқарудың ақпараттық жүйесін қолдану, материалдық құндылықтарды есепке алу және азық-түлік қызметін ұйымдастыру бағытында тәжірибелік көмек көрсетілді.

Генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров мерзімді қызмет сарбаздарының тұрмысы мен тамақтануына, қажетті мүлікпен қамтамасыз етілуіне ерекше назар аударды. Гвардейск гарнизонында министрдің орынбасары 2-ші ауыр гаубицалық артиллериялық дивизионның мерзімді қызмет сарбаздары Ерболат Айдынасқарды, Абдулла Хакимов пен Бекасыл Шалқаровты әскери бөлімді абаттандыруға қосқан үлестері мен белсенділігі үшін қысқа мерзімді демалыспен марапаттады.

Сонымен қатар, жұмыс барысында әскери госпитальдер, лазареттер мен медициналық пункттердің басшылары мекемелердің құрал-жабдықтармен, медициналық техникамен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуі жайында баяндады. Генерал-лейтенант Қ. Әбубәкіров әскери емдеу мекемелеріне медициналық ақпараттық жүйенің енгізілуін оң бағалады. Құжат айналымының автоматтандырылуы, электрондық медициналық карталар мен зерттеу нәтижелерін сақтау процестерді жеңілдетіп, әскери қызметшілерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен жеделдігін арттырады.

Әр гарнизонда болған кезінде министрдің орынбасары жаңа жылыту маусымына дайындықты сапалы ұйымдастыру, ғимараттар мен инженерлік жүйелерді жөндеу, коммуналдық нысандарды ретке келтіру жөнінде нақты тапсырмалар берді. Оған қоса әскери нысандарда жүргізіліп жатқан күрделі және ағымдағы жөндеу, модульдік ғимараттардың құрылысы бойынша жұмыстардың мерзімін қатаң сақтау қажеттігін атап өтті.

Тексеру қорытындысы бойынша генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров сарбаздарды азық-түлікпен, киім-кешекпен, білікті медициналық көмекпен қамтамасыз ету және демалыс пен ұйқыға қолайлы жағдай жасау мәселелері басшылықтың ерекше бақылауында екенін алға тартты.