Ақтауда 500-ден аса теңіз жаяу әскері Жауынгерлік тумен қоштасты

Ақтауда 500-ден аса теңіз жаяу әскері Жауынгерлік тумен қоштасты

Ақтауда мерзімді әскери қызметті аяқтаған 500-ден астам теңіз жаяу әскерінің әскери қызметшісін салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті.

Әскери оркестрдің үнімен кеудесін мақтанышпен тіктеп, борышын абыроймен атқарған сарбаздар бөлімнің әскери абыройы мен даңқының символы – Жауынгерлік тумен қоштасты.

Іс-шараға Ақтау гарнизоны әскери бөлімдерінің командирлері, Қарулы күштердің ардагерлері, «Аналар жүрегі» сарбаздар аналары комитетінің төрағасы, әскери қызметшілердің туыстары мен жақындары қатысты.

Бригада басшылығы жауынгерлерге лайықты қызметі үшін алғысын білдіріп, олардың әрқайсысы Қазақстанның теңіз жаяу әскерлерінің бір бөлігі болып қала беретінін атап өтіп, алдағы өмірде сәттілік тіледі.

Бір жыл ішінде сарбаздар заманауи әскери техниканы қалай қолдануды үйреніп, қару-жарақтың барлық түрінен ату шеберліктерін шыңдады, сонымен қатар әртүрлі оқу-жаттығуларға қатысты.

Олар үшін «Айбалта-2025» жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуына қатысу ерекше маңызды болды, онда әскери қызметшілер бөлімшелер құрамындағы даярлық пен өзара іс-қимылдың деңгейі жоғары екенін көрсетті.

Одан өзге теңіз жаяу әскерлері елордада өткен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған парадта олар «Батыс» өңірлік қолбасшылығының атын абыроймен таныстырып, мінсіз саптық машық мен тәртіпті көрсетті.

Петропавл қаласынан келген қатардағы жауынгер Равиль Қасенов өз әсерімен бөлісті:

– Бүгін біз үйге қайтамыз. Бір жыл тез өте шықты. Теңіз жаяу әскерінде қызмет еткенімді мақтан тұтамын. Жолақ жейде мен қара беретті құрметпен киемін. Осылай қалыптасуымыз үшін көп еңбек еткен командирлерімізге алғысымды білдіргім келеді.

Қызмет қорытындысы бойынша ерекше көзге түскен әскери қызметшілер басшылық атынан грамоталармен, алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.