«Родина» ауылының 10-нан аса азаматы Отанға қызмет етуге аттанды

«Родина» ауылының 10-нан аса азаматы Отанға қызмет етуге аттанды

«Біртұтас ел – біртұтас жер» идеологиялық қағидаты аясында Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобы Ақмола облысы Целиноград ауданына қарасты Родина ауылының мектебінде оқушылармен кездесу өткізді.

Халқының саны екі мыңға жуық қана болса да, Родина ауылы азаматтық белсенділігімен және Отанға деген адалдығымен ерекшеленеді. 2025 жылы осы ауылдық округтен оннан астам жас әскер қатарына шақырылып, Родинаның Қазақстан армиясының сенімді тірегі екенін дәлелдеді.

Әскери білім және ғылым департаментінің офицері майор Рүстем Төлегенов жоғары сынып оқушыларына еліміздің әскери оқу орындарына түсу тәртібі мен мерзімді әскери қызметтен өткен азаматтарға берілетін мемлекеттік жеңілдіктер туралы кеңінен түсіндірді.

– Отанға қызмет ету – құрмет қана емес, үлкен жауапкершілік. Біз еліміздің түкпір-түкпірінде жастармен кездесіп, армияның ұсынатын мүмкіндіктері мен әскери мамандықтың ел тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін нығайтудағы рөлі туралы айтып келеміз, – деді майор Төлегенов.

Қорғаныс министрінің орынбасары вице-адмирал Серік Борамбаевтың тапсырмасымен Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің идеологиялық басқармасының аға офицері полковник Талғат Құлманов Ұстаздар күніне орай мектеп директоры мен бастапқы әскери дайындық пәнінің оқытушысына Алғыс хаттар табыс етті.

Мектеп директоры Елена Нижник патриоттық тәрбие оқу-тәрбие үдерісінің маңызды бөлігі екенін атап өтті:

– Біздің ауылдың жастары әскери қызметті құрметтейді және Отанды қорғауға дайын. Биыл мектептің оннан астам түлегі әскер қатарына шақырылды – бұл бүкіл ауыл үшін зор мақтаныш, – деді ол.

Кездесу барысында Әскери-тарихи музейдің жылжымалы көрмесі де ерекше қызығушылық тудырды. Экспозицияда Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлердің мұрағаттық құжаттары, фотосуреттері мен жеке заттары қойылды.

Іс-шара Құрмет қарауыл ротасының және Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың шығармашылық ұжымының әсерлі өнер көрсетуімен аяқталды.