Каспий теңізі акваториясында Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің кемелері жоспарлы оқу-жаттығу жорығын аяқтады. Жаттығулар жағадан 80 теңіз милі (шамамен 150 шақырым) қашықтықта өтті.
Экипаждар үшін бұл тек кезекті дайындық емес, кәсіби шеберліктің, төзімділіктің және бірлескен іс-қимылдардың маңызды сынағы болды. Үш кезеңнен тұрған жорық барысында әскери қызметшілер ұрыстық жағдайға барынша жақын ортада шешім қабылдау, кемелер арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру және жеке құрамның теңізде әрекет етуге дайындық деңгейін бағалау міндеттерін орындады.
Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының жауынгерлік дайындық жөніндегі орынбасары бірінші дәрежелі капитан Данияр Хайрушев теңізшілердің кәсібилігін жоғары бағалады. Оның айтуынша, қолайсыз ауа райына қарамастан экипаждар кеме басқару, навигация, байланыс құралдары мен қаруды пайдалану бойынша тапсырмаларды сәтті орындап, жоғары төзімділік пен ұйымшылдық танытты.
Жорық Орал қаласының тумасы матрос Тұрар Өміржановқа ерекше әсер қалдырды. Ол әскерге дейін теңізді мүлде көрмеген. Алғашқы теңіз жорығы ол үшін тек сынақ болып қана қоймай, Қарулы күштер қатарындағы қызметінде үлкен мақтаныш болып отыр.
Жаттығулар барысында теңізшілер техникамен жұмыс істеуді, атысты, маневрлерді және кемелер арасындағы үйлесімді әрекеттерді тәжірибеде пысықтады. Алынған білім мен тәжірибе жеке құрамның жауынгерлік дайындық деңгейін одан әрі арттыруға негіз болмақ.
Алдағы уақытта қосымша бөлімшелерді тарта отырып, оқу-жаттығулардың ауқымын кеңейту, жаңа тактикалық сценарийлерді пысықтау және заманауи оқыту әдістерін енгізу жоспарлануда.
Бұл іс-шаралар Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің жауынгерлік әлеуетін нығайтуға және кез келген күрделі тапсырманы орындауға дайын болуын қамтамасыз етуге бағытталған