«Сардар-2025»: Құрлық әскерлері әскери институтының 200-ге жуық курсанты командирлік дайындықтан өтті

«Сардар-2025»: Құрлық әскерлері әскери институтының 200-ге жуық курсанты командирлік дайындықтан өтті

С. Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының Әли» оқу орталығында ұйымдастырылған «Сардар» командирлік дайындық курсы сәтті аяқталды.

Оқу барысында соңғы курс курсанттары үш күндік далалық қарқынды дайындықтан өтіп, кәсіби білімдерімен қатар, көшбасшылық қасиеттерін де сынап көрді.

Бүгінгі қауіп-қатері көп, өзгермелі заманда офицерге жан-жақтылық, стратегиялық ойлау, күрделі әрі тосын жағдайларда әрекет ете білу секілді жоғары талаптар қойылады. Осыған орай, курс барысында мамандықаралық бөлімшелер құрылып, мотоатқыштар, танкистер, инженерлер мен артиллеристер бірлесіп жұмыс істеді.

Курстың басты мақсаты болашақ офицерлерді шешім қабылдай білуге, нақты әрі нық бұйрық беруге, бөлімшені басқаруға және нәтижеге толық жауапкершілікпен қарауға үйрету болды. Әр курсант кезекпен командир рөлін атқарып, шынайы жағдайға ұқсас ортада тәжірибе жинады. Мұндай дайындық – нақты ұрыс алаңындағы офицерлік шеберліктің негізі.

Бөлімшеге үш күн бойы жетекшілік еткен курсант Мирас Төлеусаринов өз әсерін былайша жеткізді:

– Командир болу – үлкен сынақ әрі зор жауапкершілік. Әр жауынгердің мүмкіндігін ескере отырып, шұғыл әрі дұрыс шешім қабылдауға тура келеді. Сондай сәттерде ғана шынайы командир болудың не екенін терең түсінесің, – деді ол.

Тактикалық және басқару дағдыларынан бөлек, курс барысында заманауи қауіп-қатерлерге ерекше мән берілді. Курсантар ұшқышсыз ұшу аппараттары секілді әуе нысаналарын жоюға арналған жаттығуларды орындап, қазіргі заманғы қарулы қақтығыстардың өзгерген сипатына бейімделе түсті.

«Сардар» курсының жоғары нәтижелілігі елімізде заманауи талаптарға жауап бере алатын, кәсіби және шешім қабылдауға қабілетті жаңа буын офицерлері қалыптасып жатқанын дәлелдейді.