Астана қаласының 68665 әскери бөлімінде республикалық маңызы бар қалалардан, Қарағанды мен Түркістан облысынан келген 188 әскери қызметшіні запасқа шығару рәсімі салтанатты түрде өткізілді.
Іс-шарада бөлім басшылығы, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, Қарулы күштердің ардагерлері, Ауған соғысы мен жергілікті қақтығыстарға қатысушылар болды.
Ерекше мақсаттағы бригада командирі полковник Абай Әлібеков әскери қызметшілерді қызметті абыроймен аяқтауымен құттықтады.
– Ер адам екі нәрсе таңдауда – мамандық және өмірлік серігін таңдауда қателеспеуі керек дейді. Сендер өз жолдарыңды тауып, табысты болуларыңа тілектеспін. Әскери қызметте шынығып, тәжірибе жинадыңдар. Сендерге зор денсаулық, отбасыларыңа амандық және ашық аспан тілеймін, – деді полковник А. Әлібеков.
Одан басқа ол мерзімді қызмет кезінде жеке құрам тәртіп пен жауапкершіліктің жоғары деңгейін көрсеткенін атап өтті.
Ефрейтор Ерсұлтан Ержанұлы жолдастарының атынан сөз сөйлеп, командирлер мен әріптестеріне алғысын білдірді.
– Әскер шынықтырып қана қойған жоқ, шыңдады. Талай нәрсе үйрендік, заманауи әскери техниканың үлгілерін меңгердік, жаттығуларға қатыстық, командада жұмыс істеуге машықтандық. Мұнда нағыз достар мен пікірлес адамдарды таптым. Алған барлық дағды бізге алдағы өмірде пайдалы боларына сенімдімін, – деді ефрейтор Ерсұлтан Ержанұлы.
Әдеттегідей ерекше көзге түскен әскери қызметшілер бөлім басшылығының атынан алғыс хаттармен, грамоталармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Енді әскери борышын адал атқарған жастар алдында күштік құрылымдар және мемлекеттік органдарда жұмыс істеу, үйренген мамандықтар бойынша жұмысқа орналасу немесе жеңілдікпен жоғары білім алу сынды мүмкіндіктер көп.