
Қорғаныс ведомствосының ақпараттық-түсіндіру тобы Ақмола облысы, Целиноград ауданының Жаңаесіл ауылында кездесу өткізді.
Колледж базасында ұйымдастырылған іс-шараға оқу орнының студенттері, жергілікті мектептің жоғары сынып оқушылары мен ұстаздар қатысты. Мұғалімдер күніне орай ұйымдастырылған іс-шарада Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары вице-адмирал Серік Борамбаевтың атынан жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру және әскери қызметтің беделін арттырудағы айтарлықтай үлесі үшін колледж ұстаздарына алғыс хаттар мен құрмет грамоталары табыс етілді.
Кездесу барысында Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің аға офицері майор Рүстем Төлегенов еліміздегі әскери жоғары оқу орындарына қабылдау тәртібін түсіндіріп, мерзімді әскери қызмет өткерген жастарға ұсынылатын жеңілдіктер туралы баяндады.
– Бұл кездесу «Біртұтас ел – біртұтас жер» әскери-патриоттық тәрбие бағдарламасының аясында ұйымдастырылып отыр. Біз осыған ұқсас іс-шараларды басқа да оқу орындарында өткіздік және бұл жұмыс жалғасын табады, – деп атап өтті Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің аға офицері полковник Ғалымжан Жұмабаев.
Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың Әскери-тарихи мұражайы ұйымдастырған көшпелі көрмеге жастар ерекше қызығушылық танытты. Көрмеде Ұлы Отан соғысы жылдарындағы архивтік фотосуреттер, құжаттар және жауынгерлердің жеке заттары қойылған. Сондай-ақ студенттер мен оқушылар үшін Құрмет қарауыл ротасы сап тәсілдерін көрсетіп, Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың шығармашылық ұжымы концерттік бағдарлама қойды.
– Патриоттық тәрбие біздің негізгі басымдықтарымыздың бірі болып табылады. Мұндай іс-шаралар жастардың бойында елдің болашағы мен қауіпсіздігіне деген жауапкершілік сезімін қалыптастырады, – деді колледждің әскери дайындық пәнінің оқытушысы запастағы екінші сыныпты сержант Әділет Сүлейменов.
Бірінші курс студенті Венера Зилаева да кездесуден алған әсерін жеткізді. Ол кәсіби әскери мамандармен кездесу өте пайдалы болғанына тоқталып, колледжді бітірген соң Қарағандыдағы ІІМ академиясына түсуді жоспарлап отырғанын айтты.
Кездесудің ерекше сәттерінің бірі Жаңаесіл ауылының тумасы Нариман Нұрланұлының видеоқұттықтауы болды. Аягөз гарнизонында мерзімді әскери қызметін өтеген ол қазіргі таңда Көкшетау қаласындағы Абылай Мырзахметов атындағы университетте грантпен оқиды. Ол осы арқылы әскери қызмет тек азаматтық борыш қана емес, сонымен қатар табысты болашақ құруға нақты мүмкіндік екенін көрсетті.