Шымкентте әскери міндеттілер ведомствоаралық оқу-жаттығуға қатысты

Шымкентте әскери міндеттілер ведомствоаралық оқу-жаттығуға қатысты

Аумақтық қорғаныс бригадасының базасында өткен әскери міндеттілердің жиыны арнайы тактикалық ведомствоаралық оқу-жаттығулармен аяқталды.

Күзгі арнайы тактикалық-оқу жиынына 93 әскери міндетті шақырылды. «Ақтас» полигонында олар тәжірибелі нұсқаушылардың, офицерлер мен сержанттардың жетекшілігімен тактикалық, атыс және арнайы дайындық бойынша білімдері мен дағдыларын жетілдірді.
Жиын барысында алған білім мен тәжірибені бекіту мақсатында әскери міндеттілер мен аумақтық қорғаныс бригадасының жеке құрамы ведомствоаралық оқу-жаттығуларға қатысты.
Полиция департаменті басшысының қарамағына берілген аумақтық қорғаныс ротасы Бадам су қоймасын күзетуге жұмылдырылды. Бірлескен күшпен стратегиялық нысанның қорғанысы ұйымдастырылды.
Аумақтық қорғаныс жауынгерлері шартты қарсыластың бірнеше үйлестірілген шабуылын тойтаруға, тосқауыл бекетке жасалған қарулы содырлардың шабуылын қайтаруға, су қоймасы бөгетіндегі шлюз жабдықтарын басып алуға жол бермеуге қатысты.
– Оқу-жаттығу барысында біз аумақтық әскерлердің, полицияның, ІІМ арнайы бөлімшелерінің және әкімдік құрылымдары іс-қимылдарының үйлесімділігіне баса назар аудардық. Әскери міндеттілермен біз тосқауыл бекеттердегі іс-қимылды, қарауыл қызметін атқару, шартты қарсыластың шабуылын тойтару, сондай-ақ стратегиялық маңызды нысандарды қорғау мен күзету тәсілдерін пысықтадық, – деді аумақтық қорғаныс бригадасының командирі полковник Бақытжан Әшімов.
Сонымен қатар, оқу-жаттығуға қатысушылар «жараланғандарға» алғашқы медициналық көмек көрсету, өртті сөндіру, жергілікті жерді тексеру және «ұсталғандарды» алып жүру бойынша тәжірибе жинады.
Жиынды ұйымдастырушылардың айтуынша, оның басты мақсаты – қажетті деңгейдегі жауынгерлік дайындықты қолдау, практикалық дағдыларды жетілдіру және әскери міндеттілердің өз міндеттері бойынша қолдануға дайындығын арттыру.