Қазақстанның жетекші әскери жоғары оқу орны ғылым мен технология саласындағы ынтымақтастығын кеңейтуде

Қазақстанның жетекші әскери жоғары оқу орны ғылым мен технология саласындағы ынтымақтастығын кеңейтуде

ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы генерал-майор Асқар Мұстабеков Алматы қаласына жұмыс сапары барысында еліміздегі жетекші ғылыми және білім беру мекемелерінің өкілдерімен кездесті.
Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаевпен өткен келіссөздердің нәтижесінде меморандумға қол қою жөнінде алдын ала келісімге қол жеткізілді. Ынтымақтастық аясында бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, ғылыми-техникалық сараптамалар жасау, идеялар мен технологиялар алмасу, конференциялар, симпозиумдар мен семинарлар ұйымдастыру көзделуде.
Satbayev University басшылығымен өткен кездесуде әскери жоғары оқу орнының басшысы ұшқышсыз ұшу аппараттарын әзірлеу саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларын талқылады. Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде генерал-майор Асқар Мұстабеков робототехника және ұшқышсыз авиациялық жүйелер саласындағы ынтымақтастық туралы ұсыныстарын таныстырды.
– Әскери-ғылыми әлеуетті дамыту елдің алдыңғы қатарлы академиялық және техникалық орталықтарымен күш біріктіруді талап етеді. Бірлескен жобаларды жүзеге асыру арқылы біз заманауи технологияларды енгізіп қана қоймай, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласында құзыретті жаңа буын офицерлерін дайындай аламыз, – деп әскери білім беруді жаңғыртудың маңыздылығын атап өтті генерал-майор Асқар Мұстабеков.
Тараптар ғылым мен әскери білім берудің интеграциясы елдің ұлттық қауіпсіздігі мен технологиялық дербестігін нығайту жолындағы маңызды қадам болатынына сенім білдірді.