«Айбалта – 2025» жедел-стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясында 99116 әскери бөлімінің басшылығы білім беру мекемелерінің оқушылары үшін әскери бөлімге экскурсия ұйымдастырды.
Әскери борыш алдындағы жастармен кездесу Маңғыстау облысы Бейнеу ауылындағы 99116 әскери бөлімінің аумағында өтті.
– Біз мектеп оқушыларын, студенттерді және жас жұмысшыларды әскери бөлімге шақырдық. Мақсатымыз – олардың армия өмірімен танысуына мүмкіндік беру, сарбаздардың оқу процесі қалай ұйымдастырылғанын, дене шынықтыру және демалыс жағдайлары қалай жасалғанын көрсету. Болашақта олар да әскери мамандықты таңдауы мүмкін, – деп атап өтті ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаев.
Қонақтар әскери нысанды аралау барысында заманауи қару-жарақ пен әскери техника үлгілерімен танысты. Сондай-ақ, оларға жауынгерлік дайындық элементтері көрсетілді.
Жастар әскери қызметшілермен тілдесіп, сұрақтар қойып, Отан қорғаушы миссиясына дайындық бойынша практикалық кеңестер алды.
Іс-шараның мақсаты – әскери борыш алдындағы жастардың патриоттық сезімін қалыптастыру, әскери қызметтің беделін арттыру және армия мен қоғам арасындағы байланысты нығайту.
Бұл кездесу арқасында мектеп оқушылары армиядағы қызметтің мәнін, сондай-ақ Отан алдындағы борышын өтеген азаматтарға берілетін жеңілдіктерді нақты түсіне алды.