Астанада «Айбын» XI халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына қатысушыларды марапаттады

Астанада «Айбын» XI халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына қатысушыларды марапаттады

ҚР Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында елордалық оқу орындарының «Жас сарбаз» сынып жетекшілерімен жиналыс өтті.

Есептік іс-шараға Астана қаласы жастар саясаты басқармасының, қорғаныс істері жөніндегі, полиция және төтенше жағдайлар департаменттерінің өкілдері, елордалық «Жас сарбаз» клубтарының тәрбиеленушілері қатысты.

– Бүгін біз жыл басынан бері атқарған жұмысымыз жайлы айтатын боламыз, одан өзге алдағы жылға арналған жұмыстың маңызды бағыттарын да талқылаймыз, – деді «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» РҚБ төрағасы майор Мейірбек Меңдіғалиев.

Қазіргі уақытта «Жас сарбаз» қозғалысының елордалық филиалында 110 мектеп пен 35 колледжде «Жас сарбаз» сыныптары мен клубтары құрылды. Елордада тәрбиеленушілердің жалпы саны 10 000-нан асты. Есептік кезеңде интернационалист-жауынгерлермен кездесулер өткізіліп, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері құттықталды. Елордалық кәсіпорындармен бірлесіп қайырымдылық шаралары ұйымдастырылды.

Жас сарбаздықтар қазақтың тұңғыш ғарышкері Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіровтің қатысуымен «Ерлік сабағын» ұйымдастырды, елорданы көгалдандыру мақсатында жалпы қалалық он сенбілікке қатысты. «Жас сарбаз» қозғалысының елордалық филиалы Астана оқушылары арасында әскери-патриоттық ән байқауын өткізіп, музейлер мен мемориалдық кешендерге саяхат жасады.

Жас сарбаздықтар спорттық сайыстарға белсенді қатысып, 68665 әскери бөлімінде күзгі үш күндік әскери-патриоттық далалық жиында да бақтарын сынады.

Жиын қорытындысы бойынша үздік өрендер мен «Айбын» XI халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынының белсенді қатысушыларына еліміздің тұңғыш қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтің өмірбаяны жазылған алғыс хаттар мен кітаптар табыс етілді.