«Мен сияқты істе, менен де жақсы істе» ұранымен өтетін кіші командирлер арасындағы жалпыармиялық турнир Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледжінің «Амандық» оқу орталығында ұйымдастырылуда.
Бұл – Қарулы күштер аясындағы сержанттар құрамының рейтингін анықтауға бағытталған жыл сайынғы сайыстың үшінші кезеңі. Алғашқы екі кезең әскери бөлімдер мен өңірлік қолбасшылықтар, әскер тектері, ҚР ҚК бас басқармалары мен басқармалары деңгейінде өткізілді.
Сержанттар – әскери бөлімдердің тірегі. Себебі кіші командирлер жауынгерлердің күнделікті қызметіне басшылық жасап, олардың тәрбиесі мен тәртібін қамтамасыз етеді, сондай-ақ сарбаздар мен офицерлер арасындағы дәнекер буын болып саналады. Сондықтан мұндай спорттық және әскери-қолданбалы жарыстардың басты мақсаты – жеке құрамды даярлаудың заманауи әдістерін қалыптастыру.
– Сержант – командирдің бірінші көмекшісі. Байқаудың Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледжде өткізіліп жатқаны да кездейсоқтық емес. Өйткені дәл осы оқу ордасы болашақ кіші командирлерді даярлайды, – дейді Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің бас сержанты шебер-сержант Темірбек Халықов. – Жеңімпаздар арнайы сертификаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Ең бастысы, олар жоғары лауазымға көтерілетін артықшылыққа ие болады.
Байқаудың басты міндеті – Қарулы күштер арасынан ең үздік сержанттар мен старшиналарды анықтау, олардың жауынгерлік даярлықты қамтамасыз етудегі білімдері мен тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге бағытталған тиімді әдістерді әскери оқу жүйесіне енгізу. Мұндай жарыстар кіші командирлер арасында үздіктердің жетістіктерін насихаттап, алдыңғы қатарлы тәжірибені әскерге кеңінен таратуға жол ашады.
Бүкілармиялық деңгейде өтіп жатқан үшінші кезең аясында «Айбын» әскери-спорттық сайысы, «Бағдар» әскери топографиядан бәсеке, «Жәрдем» тактикалық медицинадан жарыс, «Қайсар» әскери-кәсіби тапсырмасы өтеді. Сонымен қатар, сержанттар «Білімпаз» тестін тапсырып, атыс шебінде мергендігін көрсетеді, тактикалық дайындық бойынша білімдерін дәлелдейді және қоян-қолтық ұрыстан шеберліктерін сынайды.