ҚР Қарулы күштерінің XXII спартакиадасы аясында «Астана» өңірлік қолбасшылығының «Спасск» оқу орталығы базасында әскери-спорттық кешенінің үшсайыс және көпсайыс бойынша чемпионаттары өтті.
Көпсайысқа автоматтан ату, граната лақтыру (қашықтыққа), белтемірге тартылу, 100 және 3000 метрге жүгіру жатса, үшсайыс бағдарламасына автоматтан ату, граната лақтыру және 400 метрлік кедергілер жолағын еңсеру кірді.
«Спасск» оқу орталығында өткен бұл чемпионаттарға Қарулы күштер түрлері мен әскер тектерінің, өңірлік қолбасшылықтардың, сондай-ақ жоғары әскери оқу орындарының командалары қатысты.
– Мұндай жарыстар – тек күш пен төзімділікті, бірлік пен командалық рухты сынау ғана емес. Олар әскери қызметшілердің кәсіби және жеке дамуына жол ашып, үлкен серпін береді. Қарсыласпен әділ бәсекелестік мінезді шыңдап, жауынгерлік бауырластықты қалыптастырады. Сонымен қатар, әрбір қатысушының өзіне деген сенімін арттырады. Бұл – жай спорт қана емес, бұл – Отан қорғаушының жолында кез келген сын-қатерге дайын болуға бағытталған маңызды дайындық, – деп атап өтті жарыстың бас төрешісі, ҚР Қорғаныс министрлігі Спорт комитеті төрағасының орынбасары подполковник Мирхат Химеденов.
Бәсекелестік жағдайында өткен көпсайыста жалпыкомандалық есеп бойынша бірінші орынды «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері иеленді. Екінші орын 32039 әскери бөлімінің өкілдеріне бұйырса, үшінші орынды Десанттық-шабуылдау әскерлерінің құрамасы еншіледі.
Жеке есепте алтын медальді «Оңтүстік» ӨңҚ өкілі 3-сыныпты сержант Евгений Нам жеңіп алды. Күміс медаль 32039 бөлімінің жауынгері сержант Ақпейіл Күтуевке бұйырса, қола жүлдені Десанттық-шабуылдау әскерлерінен аға лейтенант Шыңғыс Құдайбергенов иеленді.
Белтемірге тартылу жаттығуларында 3-сыныпты сержант Евгений Нам («Оңтүстік» ӨңҚ) үздік шықса, атыста 3-сыныпты сержант Марат Ибраимов («Шығыс» ӨңҚ) жеңімпаз атанды. 32039 әскери бөлімінің өклдері сержант Нұржан Іскендір қашықтыққа граната лақтыруда ең жоғары нәтиже көрсетсе, үш шақырымға жүгіруде сержант Ақпейіл Кутуев мәреге алғашқы болып жетті. Ал жүз метрге жүгіруде сержант Қозыбай Амантаев алдына жан салмады.
Үшсайысқа 14 команда қатысты. Оның қорытындысы бойынша бірінші орынды Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері иеленді. Екінші орынды «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының командасы, ал үшінші орынды «Оңтүстік» ӨҚ өкілдері еншіледі.
Жеңімпаздарға кубоктар, құрмет грамоталары, жалаулар мен медальдар табысталды.