Қарулы күштердің әскери қызметшілері Отбасы күнін атап өтті

Қарулы күштердің әскери қызметшілері Отбасы күнін атап өтті

Қыркүйек айының әр екінші жексенбісінде Қазақстанда Отбасы күні аталып өтеді. Осыған орай Қарулы күштер қатарында да бұл айтулы күнге арналған іс-шаралар өтті. Бұл мереке – туыстық байланыс, өзара қолдау мен бірліктің маңыздылығын еске салатын ерекше күн.

Әскери қызметшінің өмірінде отбасы – тірек пен рухани күштің қайнар көзі. Сондықтан армияда әскери қызметшілердің отбасыларына қамқорлық тек мерекелік күндермен шектелмейді. Бұл бағыттағы жұмыстарды тәрбие құрылымдарының офицерлері мен әскери қызметшілердің отбасыларымен жұмыс жөніндегі мамандар тұрақты түрде жүргізіп келеді. Олар қайырымдылық акцияларын ұйымдастырып, оқушы балалардың демалысын тиімді өткізуге жағдай жасайды, мәдени және спорттық шаралар өткізіп, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар тәрбиеленіп жатқан отбасыларға қолдау көрсетеді.

– Бүгінде еліміздің Қарулы күштерінде ерлі-зайыптының екеуі де әскери қызметте жүрген 1300-ден аса отбасы бар. Сонымен қатар 500-ден астам әскери әулет бар. Биылғы жылы «Мектепке жол» акциясы аясында көпбалалы отбасылардан шыққан, қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің, сондай-ақ ата-ана қамқорлығынсыз қалғандардың 1700-ден астам баласы қамтылды, – деп атап өтті әскери қызметшілердің отбасыларымен жұмысты ұйымдастыру бөлімінің бастығы Тәттігүл Смағұлова.

Осы күндері бірқатар шаралар ұйымдастырылып, спорттық және интеллектуалдық ойындар, концерттер, экскурсиялар мен кездесулер өтті. Ұлттық қорғаныс университетінде «Әке, ана және мен – спорттық отбасы» атты сайыс өтіп, оған 9 отбасы қатысты. Ақмола гарнизонынан 100-ден астам отбасы мүшесі музыкалық филармонияға барып, «Қазақ операсының жауһарлары» қойылымын тамашалады.

Сондай-ақ, Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың мұражайына және әскери бөлімдерге экскурсиялар ұйымдастырылды. Ашық есік күні аясында әскери шеберліктер көрсетіліп, қару-жарақтар мен әскери техника таныстырылды. Көрермендерге арналған концерттік бағдарлама мен ойын-сауық сайыстары өткізілді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медальдар мен сыйлықтар табысталды.