ҚР Ұлттық қорғаныс университетінде «Ұлт қорғау» командасының тәрбиеленушілері марапатталды

ҚР Ұлттық қорғаныс университетінде «Ұлт қорғау» командасының тәрбиеленушілері марапатталды

Астанада «Айбын-2025» XI халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынында нәтижелі өнер көрсеткен ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің «Ұлт қорғау» командасына құрмет көрсетілді.

Салтанатты шараға университет басшылығы, профессорлық-оқытушылар құрамы, №3, №60 және №79 қалалық мектептердің мұғалімдері мен оқушылары қатысты.

– «Айбын» жиыны – нағыз патриоттар мектебі. Жиында жыл сайын мектеп оқушыларының білімі, әскери және спорттық дағдылары тексеріледі. Біздің балалар 19 ұжым арасында 6-орын иеленді. Бұл жауынгерлік үйлесімді іс-әрекеттің көрсеткіші. Біз мұны үлкен жетістік деп санаймыз, өйткені университет командасы биыл ғана құрылды, – деді ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы генерал-майор Асқар Мұстабеков.

№79 мектеп-лицейінің оныншы сынып оқушысы Айбол Нұрбай жеке есепте пневматикалық мылтықтан оқ атудан екінші орын алды. Алғашқы әскери және технологиялық даярлық оқытушыларына және халықаралық жастар жиынына қатысушыларға алғысын білдіре отырып, жоғары оқу орнының бастығы оларға Қазақстанның бірінші қорғаныс министрі Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдығына орай шығарылған мерейтойлық медальдарды, грамоталарды, алғыс хаттар мен естелік сыйлықтарды табыс етті.

Естеріңізге сала кетсек, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына және Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына орай «Айбын-2025» XI халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны маусым айында Ақтөбе қаласындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының оқу-жаттығу орталығында өтті. Оған Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан командалары қатысты. Бақылаушы ретінде іс-шараға Қытай Халық Республикасының делегациясы қатысты.