Салтанатты іс-шараға Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің басшылығы, ардагерлер, профессорлық-оқытушылар құрамы, курсанттар және әр жылдардағы түлектер қатысты.
Мерейтой бағдарламасына сәйкес, институттың жеке құрамын құттықтап, ардагерлер мен үздік оқытушы офицерлерге құрмет көрсетілді. Сондай-ақ оқу мен қызметте жоғары нәтиже көрсеткен курсанттар марапатталды. Құттықтау сөз сөйлеген Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов институт 55 жыл ішінде 20 мыңнан астам офицер даярлағанын атап өтті.
Олар бүгінде Отан игілігі үшін абыройлы қызмет етуде. Ол сондай-ақ, Құрлық әскерлерінің әскери институты батылдық пен патриотизм мектебі екенін, ал қазіргі курсанттар аға буынның жауынгерлік дәстүрлерін лайықты жалғастырып жатқанын тілге тиек етті.
Іс-шара институттың қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосқан Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Ұрпақтар сабақтастығы тақырыбына ерекше назар аударылды: ардагерлер оқу орнының дамуы туралы естеліктер айтса, курсанттар әскери дайындықтың, ұйымшылдық пен тәртіптің жоғары деңгейін көрсетті. Бағдарлама барысында қонақтарға қоян-қолтық ұрыс элементтері және ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқарудың практикалық көрсетілімдері ұсынылды.
Оқу аудиторияларында заманауи білім беру технологияларының, оның ішінде ҰҰА басқару және геотактика бойынша мамандандырылған сыныптардың тұсаукесері өтті. Сонымен қатар, қару-жарақ пен әскери техниканың заманауи үлгілерінің көрмесі жұмыс істеді. Мерейтойлық іс-шараларды қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен гала-концерт аяқтады.