Қазақстанда 22 мыңға жуық азамат әскер қатарына шақырылады

Қазақстанда 22 мыңға жуық азамат әскер қатарына шақырылады

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қорғаныс министрлігі 2025 жылғы күзгі шақыру науқаны басталғанын хабарлады.

Биылғы шараның ерекшеліктері туралы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне ҚР Қарулы күштері Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті бастығының орынбасары полковник Фархат Айдарбаев айтып берді.

Оның мәлімдеуінше, ағымдағы жылдың 1 қыркүйегі мен 30 желтоқсаны аралығында шамамен 22 мың жас әскер қатарына шақырылады. 18 бен 27 жас аралығындағы азаматтар Қарулы күштердің, Ұлттық ұланның, ҰҚК Шекара қызметінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің және Мемлекеттік күзет қызметінің қатарын толықтырады.

– Шақыру науқанын ұйымдастыру үшін жергілікті атқарушы органдардың шешімімен 195 шақыру комиссиясы құрылды. Оларға аудан, облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдерінің орынбасарлары төрағалық етеді, – деді Қорғаныс министрлігінің өкілі.

Полковник Фархат Айдарбаев әскери-патриоттық тәрбие, әскери қызмет және жекелеген орталық мемлекеттік органдардың функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша заңнамаға енгізілген өзгерістерге тоқталды. Оның айтуынша, бұл толықтырулар 16 шілдеде күшіне енді. Олар есепке алу мен шақыру жүйесінде цифрлық әдістерді заң жүзінде бекітіп, жергілікті әскери басқару органдарының жұмысын оңтайландыруға мүмкіндік береді.

Енді SMS-хабарламалар арқылы жеткізілген шақырулар ресми түрде заңды ескерту әдісі болып табылады. Сонымен бірге, шақыру туралы ақпарат «электрондық үкімет» веб-порталындағы жеке кабинетке де орналастырылады. Мұнымен бірге қағаз нұсқадағы шақыру да тұрақты тіркеудегі жеріне, уақытша тұру немесе жұмыс орнына жеткізіледі. Сондай-ақ шақыру қағазын азамат жергілікті әскери басқару органына келіп те ала алады.

Министрлік өкілі жылдың басынан бастап ішкі көші-қон кезінде азаматтарды әскери есепке автоматты түрде тіркеу механизмі енгізілгенін еске салды. Бұл рәсімді азаматтың өзі қатыспай-ақ жүзеге асыруға болады. Қазірдің өзінде бұл мүмкіндікті 250 мыңға жуық адам пайдаланған.
Сондай-ақ 17 жастағы азаматтарды әскери есепке қою да проактивті форматқа ауыстырылған. Бұл деректер «электрондық үкімет» порталы арқылы тіркеледі. Осы жүйе арқылы әскерге шақырудан кейінге қалдыру немесе босату туралы мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Бұған оқу, бір немесе бірнеше баланың болуы, ауылдық жерде мұғалім немесе дәрігер болып жұмыс істеу және ғылыми дәрежесінің болуы негіз болып саналады.

Полковник Фархат Айдарбаев медициналық ақпараттық жүйелердің өңірлік шақыру пунктерімен интеграциялануының артықшылықтары туралы да айтты. Мұндай тәсіл азаматтың әскери қызметке жарамдылығын бастапқы кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.

– Мерзімді әскери қызметтен өткен азаматтар – ел қорғауға қажетті жағдайда жедел жұмылдырылатын әскери дайындықтағы резервтің негізі, – деді Қорғаныс министрлігінің өкілі.

Департамент бастығының орынбасары армиядағы құқықтық тәртіпті нығайту, жеке құрамның өмірі мен денсаулығын сақтау бойынша жүйелі шаралар туралы да айтып өтті. «Өміріңді сақта» бағдарламасы жүзеге асырылуда, азаматтармен ашық үкімет қағидаты бойынша өзара әрекет етуге бағытталған ARMIA.KZ ақпараттық сервисі іске қосылды. Қорғаныс министрлігі сарбаз аналары комитетімен тығыз жұмыс жүргізуде. «Отбасымен бейнеқоңырау» видеосервисі де оң нәтиже беріп отыр.
Сонымен қатар әскери қызметшілер мен әскери борышын өтеген азаматтарға арналған әлеуметтік кепілдіктер де заң жүзінде бекітілді. Бүгінде 2 100-ден астам сарбаз жауынгерлік дайындықта жоғары нәтиже көрсетіп, мемлекеттік білім гранты бойынша оқуға мүмкіндік алды. 20 мыңнан астам әскери қызметші жалпы сомасы 8 млрд теңгеге кредиттік демалыс алу құқығын пайдаланды.

Брифинг соңында Қорғаныс министрлігінің өкілі журналистердің сұрақтарына жауап берді.