Қорғаныс министрінің Құрлық әскерлері Әскери институтының 55 жылдығымен құттықтау сөзі

Қорғаныс министрінің Құрлық әскерлері Әскери институтының 55 жылдығымен құттықтау сөзі

Құрметті Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының ардагерлері, профессорлық-оқытушылық құрамы, курсанттар және түлектер!

Сіздерді еліміздің әскери білім беру жүйесінде ерекше орны бар даңқты оқу орнымыздың 55 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!

Елу бес жыл – бұл биік белестер мен тарихи жетістіктерге толы шежірелі жол. Осы уақыт ішінде Құрлық әскерлері әскери институты еліміздің қорғаныс қабілетін нығайту жолында мыңдаған кәсіби офицерді даярлаған ұлт армиясының тірегі, әскери кадрлар дайындайтын іргелі білім ордасына айналды. Бұл оқу орнын тәмамдаған түлектер Отанға адал қызмет етіп, ерлік пен батылдықтың, патриоттық рухтың үлгісін көрсетуде.
Институтқа Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың есімінің берілуі – үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Бұл есім жоғары талаптар мен үздіксіз даму қағидатын айқындайды. Сіздер бұл міндетті абыроймен атқарып келесіздер. Оқытудың озық әдістемелерін енгізіп, жаңа технологиялар мен заманауи қару-жарақтарды меңгеру арқылы офицер кадрларын даярлауда үздік үлгі көрсетіп отырсыздар.

Мерейтой аясында институт ардагерлеріне баға жетпес тәжірибесі, қажырлы еңбегі және әскери білімнің қалыптасуына қосқан өлшеусіз үлесі үшін шексіз алғысымды білдіремін. Профессорлық-оқытушылық құрамға кәсіби біліктілігі, Отанға деген адалдығы және жаңа буын офицерлерін тәрбиелеуге сіңірген еңбегі үшін ерекше ризашылығымды жеткіземін. Курсанттарға әскери ғылымды меңгеруде табандылық, мықты денсаулық және Отанға адал қызмет ету жолында толағай табыс тілеймін.

Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институты алдағы уақытта да еліміздің қорғаныс саласына үлес қосатын кәсіби офицерлерді даярлауда көшбасшы болып қала беретініне сенімім мол.

Сіздерге зор денсаулық, амандық, табысты қызмет және ашық аспан тілеймін!