Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов Аягөз гарнизонына жұмыс сапарымен барды. Сапар жауынгерлік дайындық, әскери инфрақұрылымның жай-күйі және әскери қызметшілердің отбасыларын әлеуметтік қолдау мәселелерін қамтыды.
Қорғаныс ведомствосының басшысы "Майлин" оқу-жаттығу полигонында болып, танк атыс қалашығын, оған қоса "Оңтүстік" әскери қалашығындағы оқу корпусын аралады. Министр оқу сабақтарын бақылап, жеке құрамның тұрмыстық жағдайымен танысып, оқу процесін жетілдіру және қызметті ұйымдастыру жөнінде бірқатар нұсқаулар берді. Сонымен қатар, гарнизонда ол әскери техниканың жағдайын, оқ-дәрілерді сақтау шарттарын да тексерді.
Министр әлеуметтік салаға ерекше назар аударды. "Мектепке жол" қайырымдылық акциясы аясында ол №4 жалпы білім беретін орта мектепте болып, көп балалы әскери қызметшілер отбасыларының балаларына мектепке керек-жарақ заттарды табыс етті.
– Сендердің ата-аналарың елдің тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғап жүр, ал сендер мемлекеттің болашағысыңдар. Бұл оқу құралдары сендердің болашақтарыңа тамшыдай үлес. Сендерге зор денсаулық, оқуда озат және үлкен жетістіктер тілеймін, – деді Дәурен Қосанов балаларға.
Гарнизон басшылығымен сөйлескен министр жауынгерлік дайындықтың жоғары деңгейін сақтаудың және әскери қызметшілерге қамқорлық жасаудың маңыздылығына назар аударды:
– Әскери қызметшілердің өмір сүру жағдайы мен әлеуметтік-тұрмыстық мәселелері үнемі назарда болуы тиіс. Тамақтану сапасын, казармадағы тазалық пен жайлылықты, медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз етуді қадағалау, сол секілді әскери қызметшілердің отбасыларын қолдау шараларын күшейту қажет, – деп атап өтті ол.
Шығыс Қазақстанға сапарының соңында авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов Өскемен гарнизонында болып, облыс әкімімен және Қарулы күштер ардагерлері кеңесінің өкілдерімен кездесті. Қорғаныс министрі ардагерлер жастармен жиі кездесіп, өз тәжірибелерін беруі керек екенін атап өтті.
– Бүгінгі таңда біздің басты міндеттеріміздің бірі – жастарды патриотизм рухында, адал және тәртіпті етіп тәрбиелеу. Сендердің білімдерің мен дәстүрлерің – әскеріміздің берік негізі, – деді министр.
Сапар қорытындысы бойынша қорғаныс ведомствосының басшысы гарнизондар қолбасшылығының алдына жауынгерлік әзірлікті нығайту, әскери инфрақұрылымды жетілдіру және әскери қызметшілер мен олардың отбасыларын әлеуметтік қолдау сапасын арттыру жөнінде нақты міндеттер қойды.