Астанада әскери музыкант қайғылы оқиғаның алдын алды

Астанада әскери музыкант қайғылы оқиғаның алдын алды

Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Орталық ансамблі эстрадалық-симфониялық оркестрінің концертмейстері аға сержант Аббас Аппазов қайсарлық танытып, 19 жастағы қыздың өмірін сақтап қалды.

Оқиға 20 тамыз күні кешкі уақытта болған. Аббасқа алаңдаған көршісі қоңырау шалып, жағдайды баяндаған. Оның пәтер жалдаушысы 18-қабаттан секірмек болған бейтаныс қызды тоқтатып, пәтеріне кіргізген. Дегенмен, әйел адам қыздың қайта әрекет етуі мүмкін деп алаңдаулы еді.

Аббас үйдегі тұрғындар кеңесінің мүшесі болғандықтан, бейнебақылау камераларының жазбасына қол жеткізе алған. Жазбаларды қарап отырып, қыздың тағы да 8-қабатқа көтеріліп, балконда қоштасу хат жазып жатқанын байқаған. Ақырында оны 12-қабаттан тауып алғанда қыз балконның шетінде отырған еді.

Аббас оған байқатпай жақындап, жайлап сөйлесе бастаған. Сәті келгенде, қызды құшақтап, қауіпсіз жерге алып шыққан. Кейін учаскелік инспекторды шақырған. Аббас өзінің бұл әрекетін ерлік деп есептемейді.

– Әрбір адам өмірі – баға жетпес құндылық. Ол бір-ақ рет беріледі, сондықтан қадірлеу білу керек. Үлкен қайғының алдын алғаныма қуаныштымын, – деді ол.

Аббас – «Шабыт» Қазақ ұлттық өнер университетінің «саксофон» мамандығы бойынша бітірген. Қазір 36 жаста. Шымкент қаласының тумасы. 2014 жылдан бері ҚР Қарулы күштерінде қызмет етеді. Жұбайымен бірге екі бала тәрбиелеп отыр.

Әскери қызметшінің өмірлік ұстанымы – адал, мейірімді болу және адамдарға шын ниетпен көмек көрсету. Ол әділеттілік, жанашырлық пен бейжай қарамау – мықты қоғамның негізі деп санайды. Аббас «Ел қорғаны» ведомстволық медалімен марапатталған.

Қызметтестері Аббасты мақтан тұтады. Өйткені ол тек кәсіби маман ғана емес, сондай-ақ ішкі парасаттылық пен көмек көрсетуге әрдайым дайын тұратын жан.