Алматыда әскери қызметшілер соғыс ардагері Леонид Подколзинді 99 жасқа келуімен құттықтады

Алматыда әскери қызметшілер соғыс ардагері Леонид Подколзинді 99 жасқа келуімен құттықтады

Ардагерді Наурызбай ауданы қорғаныс істері жөніндегі басқармасының әскери қызметшілері және «Қарулы күштердің ардагерлері» РҚБ қалалық филиалы төрағасының орынбасары отставкадағы полковник Төлеген Мұстафин құттықтап барды.

Олар майдангерге Қорғаныс министрінің құттықтауын тапсырып, қарияға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі. Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының әскери оркестрі қарт майдангерге соғыс жылдарындағы шығармаларды орындап берді.

Леонид Подколзин Новосібір облысының Тула селосында дүниеге келген. Беларусь майданында зеңбірекші болып соғысқан. II дәрежелі Отан соғысы орденімен, Георгий Жуков және басқа да медальдармен марапатталған.

Соғыстан соң сержант шенімен Кенигсбергке жіберіліп, әскерге шақырылушыларды артиллериялық іс бойынша оқытты. 1952 жылы Алматыға көшіп келіп, машинистің көмекшісі, жүргізуші болып жұмыс істеді, депо шеберханасын басқарды.

Леонид Никитович соғыс туралы аз айтады. Көбіне өз ойлары мен сезімдерін проза не өлең тілінде қағазға түсіреді. Шығармаларында өмірдің мәні, адамгершілік және Отанға деген сүйіспеншілік туралы айтылады.

Ардагердің қызы мен ұлы, үш немересі және төрт шөбересі бар.