Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде әскери кафедраның 300-ден астам түлегі салтанатты түрде әскери ант берді.
Іс-шара 68665 әскери бөлімінің саптық алаңында өтті. Оған Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің өкілдері, кафедра басшылығы мен профессорлық-оқытушылар құрамы, Қарулы күштердің ардагерлері, сондай-ақ студенттердің ата-аналары мен жақындары қатысты.
Түлектерге ізгі тілектерін Еуразия ұлттық университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбай мен әскери кафедра бастығы генерал-майор Еділ Оразов жеткізді. Олар түлектерге мамандықты игеру жолында табыс пен алдағы кәсіби жолында сәттілік тіледі.
– Қорытынды емтихандар барысында сіздер жоғары дайындық деңгейін, оқыған пәндер бойынша жақсы білім көрсеткішін дәлелдедіңіздер. Бүгін әскери ант қабылдау арқылы сіздер Отан қорғаушы деген мәртебелі атаққа ие болдыңыздар. Осы атаққа лайық болып, еліміздің өсіп-өркендеуі мен дамуына үлес қоса беріңіздер, – деді генерал-майор Е. Оразов.
ЕҰУ әскери кафедрасында студенттер 11 әскери-есептік мамандық бойынша даярлықтан өтеді. 2025 жылы оқу бағдарламасы заманауи қауіп-қатерлер мен жаңа сын-тегеуріндерді ескере отырып, түбегейлі жаңартылды.
Мәселен, болашақ барлаушылар негізгі күш құрамынан тыс жағдайда өз бетінше ұрыс жүргізу әдістерін меңгереді. Сабақ барысында мобильділік пен іс-қимылдардың үйлесімділігіне, заманауи байланыс құралдарын, ұшқышсыз ұшу аппараттарын және қазіргі тактиканың басқа да элементтерін қолдануға ерекше назар аударылады.
Ал болашақ әскери журналистер тактикалық, техникалық және саптық дайындықпен қатар, цифрлық дәуірдегі ақпараттық күрес тәсілдері мен формаларына, арнайы үгіт-насихат пен оған қарсы әрекеттерге арналған курстардан өтеді.
Әскери кафедра түлектеріне «запастағы лейтенант» әскери атағы беріледі. Осылайша олар азаматтық мамандықпен қатар екінші әскери мамандықты да игеріп, құқық қорғау және қорғаныс салаларында қызмет ету мүмкіндігіне ие болады.
– Бүгін біз үшін ерекше күн. Біз әскери ант қабылдадық. Бұл – үлкен жауапкершілік пен жоғары сенімнің белгісі. Біз еліміздің бейбітшілігі мен қауіпсіздігін қорғауға әрқашан дайынбыз, – деді кафедра түлегі Ислам Тұрсын.
Өз әсерімен кафедра түлегі Ернұр Далабаевтың анасы Думан Заркеева да бөлісті:
– Ернұрдың ант қабылдап, Отан қорғаушылар қатарына қосылғанына қуаныштымын. Әрбір ана баласының елге адал, батыл әрі абыройлы азамат болып өскенін қалайды.
Салтанатты шара 68665 әскери бөлімі Құрмет қарауыл ротасының саптық дефилесімен, сондай-ақ барлау бөлімшелерінің әскери қызметшілері дайындаған қоян-қолтық ұрыс жүргізу тәсілдерімен жалғасты.