Кім мықты: Алматыда десантшылар аса күрделі кедергілерді еңсерді

Кім мықты: Алматыда десантшылар аса күрделі кедергілерді еңсерді

ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің барлық күш құрылымдарының арнайы мақсаттағы бөлімшелері арасында ұйымдастырған RUKH NATION жарысында Десанттық-шабуылдау әскерлері екінші орынға ие болды.

Төрт адамнан тұратын команда 54 минут 48 секундта ең қиын 36 табиғи және техногендік кедергілерді еңсеріп өтіп, Мемлекеттік күзет қызметі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ұлттық ұлан және басқа да күш құрылымдарының командаларын артта қалдырды. 

Қашықтық аралығы 5 шақырымдық жүгіруден, арқанмен көтеріліп, түсу тізбегінен, өзеннен, қол ұстағыштардан, қабырғалардан, тікенді сымдардан тұрды. Сонымен қатар, қатысушылар жасанды су айдынын еңсеріп, арқанмен көтеріліп, ауыр жүк көтерді. Кедергілерден өтуді арнайы чип басқарды, ол басталу, әр кедергіден өту және команданың аяқтаған сәттерін тіркеп отырды.

– Кедергілер жолағынан өту өте қиын болды. Біз жарысқа еш дайындықсыз шықтық. Барлық кедергілерден бірден өттік. Мұндай жарыстарға бірінші рет қатысып отырмыз және жедел әрекет ету арнайы жасағынан кейінгі екінші орын өте жақсы нәтиже деп санаймын. Келесі жылы бұл жарысқа арнайы дайындаламыз, – деді команда жаттықтырушысы майор Антон Спиридонов.

ҚР ҚК Десанттық-шабуылдау әскерлерінің құрама командасы дене дайындығының жоғары деңгейін, жеңіске деген ерік-жігерін, мінезін, жауынгерлік рухын және шеберлігін көрсетті.

Естеріңізге сала кетсек, бұл десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскерилендірілген жарыстардағы алғашқы жеңісі емес. 2024 жылы қазақстандық десантшы Мұхиадин Сұмағұл АҚШ-та өткен «Үздік жауынгер-2024» байқауында бірінші орынды иеленді, ал биыл мамыр айында АҚШ-тағы әскери-қолданбалы пәндер бойынша Best warrior байқауында 3-сыныпты сержант Рауан Тоқтарбеков атыстан ең жоғары нәтиже көрсетіп, «Үздік атқыш» атағын алды.