Елордадағы «Qazaqstan» жеңіл атлетикалық кешенінде әскери қызметшілер арасында қазақ күресінен алғашқы әлем чемпионаты жалауын көтерді.
Халықаралық әскери спорт кеңесінің (CISM) бастамасымен ұйымдастырылып отырған турнирге әлемнің 20-дан астам елінен 250-ге жуық спортшы қатысып жатыр. Жарысқа Бразилия, Венесуэла, Гана, Иран, Италия, Камерун, Қытай, Қырғызстан, Марокко, Молдова, Моңғолия, Нигерия, Біріккен Араб Әмірліктері, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Таиланд, Тунис, Түркия, Өзбекстан, Шри-Ланка және Эфиопия елдерінің әскери құрамалары келген.
Қазақстан құрамасы сапында әлем және Азия чемпиондары, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары, сондай-ақ әлем кубогының иегерлерінен тұратын халықаралық ареналарда үлкен тәжірибе жинаған атақты балуандар өнер көрсетуде. Ел намысын қорғайтын спортшылар қатарында келесі спортшылар бар:Бекжан Төлепов (55 келі) – екі дүркін әлем чемпионы, әлем кубогының және Көшпенділер ойындарының жеңімпазы; Ашым Сағындық (66 келі) – әлем кубогының иегері; Нұрдәулет Бақтыбайұлы (82 келі) – әлем кубогының иегері; Айбек Ізтілеуов (100 келі) – ұлттық турнир жеңімпазы.
Әйелдер командасы да тәжірибелі балуандардан құралған. Олардың қатарында келесі спортышлар бар: Айжан Жылқыбаева (48 келі) – 5-ші Көшпенділер ойындарының жеңімпазы; Рауза Нұрмұхамметова (56 келі) – екі дүркін әлем чемпионы, Азия чемпионы, Жекпе-жек өнері ойындарының жүлдегері; Зарина Сәріпова (65 келі) – әлем және Азия чемпионы, үш дүркін Қазақстан чемпионы; Зәмзагүл Файзолланова (77 келі) – Көшпенділер ойындарының күміс жүлдегері, Қарулы күштер құрамасының капитаны.
Жарыс күнінің алғашқы жартысында ерлер арасында 55, 66, 82, 100 келі, ал әйелдер арасында 48, 56, 65, 77 келі салмақ дәрежелері бойынша іріктеу және жартылай финалдық белдесулер өтті. Финалдық жекпе-жектер мен салтанатты ашылу рәсімі жарыс күнінің екінші жартысына жоспарланған.
Чемпионат Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Бұл дода – ұлттық спорт түрін дамытуға, әскери-спорттық қозғалысты нығайтуға, түрлі елдердің армиялары арасында тәжірибе алмасуға және спорт саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған. Қазақстан құрамасы жоғары деңгейде дайындық көрсетіп, өз жерінде өтіп жатқан әлем чемпионатында ел намысын лайықты қорғауға ниетті.