«Астана» өңірлік қолбасшылығының «Спасск» оқу-жаттығу орталығында ауқымды әскери жиын басталды. Дайындыққа Астанадан, сонымен қатар Ақмола, Қарағанды, Қостанай және Павлодар облыстарынан азаматтар келді.
Жиынның басты мақсаты – Қарулы күштердің жауынгерлік әзірлігін арттыру, жұмылдыру резервін қалыптастыру және аса сұранысқа ие әскери кәсіптер бойынша мамандар даярлау.
Жиынның барлық кезеңінде әскери міндеттілер қызмет етіп жүрген әскери қызметшілермен бірдей киім-кешекпен, толыққанды тамақпен және медициналық қызметпен қамтылады. Қатысушылардың жұмыс орындары мен лауазымдары сақталып, орташа жалақы төленеді. Жұмыссыздарға мемлекет есебінен ең төменгі жалақы беріледі.
– Жиында мерзімді қызмет барысында жинақтаған машықты жетілдіріп, қару-жарақ пен әскери техниканың жаңа үлгілерімен танысамыз, – деп атап өтті Ақмола облысы Бурабай ауданынан шақырылған Жомарт Жұмабек.
Қатысушылар 30 күн ішінде, атап айтсақ: офицерлер әскери басқару желісі бойынша, ал мамандар артиллерия, мотоатқыштар, танк, зенит, жөндеу және тыл бөлімшелері, сондай-ақ байланыс саласында қарқынды қайта дайындықтан өтеді.
Жиынның қорытынды кезеңі бөлімшелер, взводтар, роталар мен батальондар құрамындағы жауынгерлік үйлесімділікті көздейді. Оның барысында соңғы жылдары Қазақстан армиясындағы қару-жарақ пен техника айтарлықтай жаңарғаны, технологиясы және тиімділігі барынша ескерілді.
Елдің қорғаныс қабілетін нығайтудағы маңызды кезең болып саналатын оқу-жаттығу жиыны биыл тамыз айының соңына дейін жалғасады.